BANNER

Оразаға бір апта қалды: нені білу қажет

pixaboy

Рамазан айының басталуы, оразаның пайдасы мен оны бұзатын әрекеттер.

Мұсылман күнтізбесіндегі қасиетті айлардың бірі әрі бірегейі – Рамазан айы. Оның ерекшелігі сол – мұсылмандар бір ай бойы ораза ұстайды. Рамазан айында мың айдан да қайырлы Қадір түнін қарсы алады.

Рамазан – мейірімділік пен қайырымдылық, сабырлық пен кешірімділік айы.

Ораза қашан басталады

2024 жылы ораза 11 наурызда басталады. Яғни мұсылмандар 11 наурызға қараған түні сәресіне тұрып, ауыз бекітеді.

Ал 9 сәуір – Рамазан айының соңғы күні.

Барша мұсылман үшін оразаның аяқталғанын білдіретін ұлық мейрам Ораза айт 10 сәуірде болады.

Қасиетті Қадір түні 5-нен 6 сәуірге қараған түнге түсіп тұр.

Ораза кімдерге парыз

Шариғат бойынша балиғат жасына келген, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз.

Алайда қасиетті айда мына адамдарға ораза тұту міндет емес. Олар:

жолаушылар;

науқас адамдар;

жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдер.

Сәресі мен ауызашарда оқылатын дұға

Ораза ұстауға ниет еткен мұсылмандар сәресіде "Алланың разылығы үшін Рамазан айының оразасын таң атқаннан күн батқанға дейін ұстауға ниет еттім" дейді.

Ал ауызашар кезде "Жаратушы ием! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім. Сен берген ризық-несібеңмен ауыз аштым. Уа, Кешірімді Алла! Менің өткен және келешек күнәларымды кешіре көр!" дейді.

Оразаны не бұзады

ораза ұстағанын біле тұра ішіп-жеу;

темекі тарту, насыбай ату, дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау;

аузындағы жаңбыр тамшыларын әдейі жұту;

әйелімен жақындасу (яғни, таң намазынан ақшам намазына дейін жақындасу оразаны бұзады);

себепсіз қорек немесе қоректік қасиеті бар барлық затты әдейілеп жеу.

Мұндай жағдайларда каффарат оразасын ұстау қажет.

Каффарат дегеніміз – Рамазан айының оразасын себепсізден-себепсіз бұзып жіберген жағдайда екі ай ораза ұстау, егер оған шамасы келмесе алпыс кедейді тамақтандыру.

Оразаның пайдасы

Жалпы оразаның адамның тәні мен жанына, рухани өміріне пайдасы зор. Ең алдымен, мұсылман баласы ауыз бекіту арқылы Аллаға бойұсынуды үйренеді. Оразаның көмегімен бойындағы жағымсыз қасиеттер мен әдеттерден арылады.

Ораза адамды сабырлық пен төзімділікке тәрбиелейді, өз нәпсісімен күресуді үйретеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: "Ораза – сабырдың жартысы" деген.

Ораза адамның зейінін тазартып, жақсы ойларға жетелейді. Пенденің бойында мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық сезімдерін оятып, жетім-жесірге қол ұшын созуға тәрбиелейді. Рамазанда берілетін пітір садақа, ауызашар дастарханы, қайырымдылық бағытта жасалған барлық амал мұсылмандардың бір-біріне деген мейірімі мен сүйіспеншілігін арттырады.

Бұдан бөлек бір ай бойы ораза тұтқан адамның ағзасы артық және зиянды нәрселерден тазарады.

Рамазан – шүкіршілік айы. Ораза, тіпті, бір жұтым су мен бір үзім нанның қадірін сездіреді.