ТЖМ: Алдағы күндері 7 балдан асатын жер сілкінісі болмайды

Фото: aikyn.kz

ТЖМ мамандары алдағы күндері елімізде 7 балдан асатын зілзала болмайтынын айтты. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, Сағат 20.00-дегі жағдай бойынша Алматы қаласында жағдай тұрақты.

"Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығы” ЖШС сейсмикалық жағдайды бағалауына сәйкес жақын арада Алматы болжамдық полигонының аумағында MSK-64K сейсмикалық шкаласы бойынша қарқындылығы 7 балдан асатын жер сілкінісі күтілмейді", - дейді мамандар.

Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы жер сілкіністерін еске сала кетейік, 23 қаңтарға қараған түні Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу және Қарағанды облыстарында жер сілкінісі сезілді.

Жерасты дүмпулері әсіресе Алматы тұрғындарына қатты сезілді. ТЖД ақпаратынша, Алматыда 5 балдық жер сілкінісі тіркелген. Алматының кей аудандарының тұрғындары жер сілкінісі кем дегенде 5 минутқа созылғанын жеткізді.

Жер сілкінісінің қайталануынан қорыққан Алматы тұрғындары жаппай көшеге шықты.

Бүгінгі таңда Алматы облысында тағы бір жер сілкінісі тіркелді – Алматыда жер сілкінісі 2-3 балл шамасында сезілді. Кейінірек алматылықтар тағы да жерасты дүмпулерін сезінді.

23 қаңтарда сағат 15:07-де Алматыда тағы да 2 балдық жер сілкінісі тіркелді.

Сондай-ақ Алматыда түнде болған жер сілкінісінен 8 адам зардап шеккені белгілі болған еді. Кейін олардың саны 44-ке жеткені хабарланды.

23 қаңтар сағат 17:00-дегі ақпарат бойынша Алматы ауруханаларына 67 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның 55-сі ересек, 12-сі бала.

Бұдан бөлек желіде Алматыда жер сілкінісі кезінде қаланың биіктен түсірілген видеосы, сонымен қатар Алматыдағы супермаркетте түсірілген видео жарияланды.