"Үйде күнде жер сілкінеді": Алматы облысында тұрғындар көмек сұрады

Фото:egemen.kz

"Үйде күнде жер сілкінеді": Алматы облысында тұрғындар көмек сұрады,- деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі nur.kz сілтеме жасап.

Темір жол мен көпір аумағында баспанасы орналасқан Алматы облысындағы Жібек жолы ауылының тұрғындары "үйде күнде жер сілкінеді" деп, жергілікті биліктен көмек сұрады. Қарасай ауданы әкімінің орынбасары мәселе бір аптада шешілетінін айтып, уәде берді, деп хабарлайды Almaty.tv арнасы. 

Телеарна тілшісінің хабарлауынша, 2020 жылы құрылысы басталған нысанның астында 30-дан аса үй болған. Қазір тұрған 4 баспана да басқалары сияқты сүрілуге тиіс еді. Сол кездері көшеміз деп отырған көпшілік қолдағы құжаттың қалай жарамсыз болып қалғанын білмей дал.

"2020 жылы үй сүріледі деп қолымызға қағаз берді. Келіп, бәрін тексерді, суретке түсірді. Қызыл сызыққа енгізіп, үйді бұғатқа қойды. Көпірдің құрылысы басталып, жерді оя бастады. Күнде 35 метр жерді қазғанда үйде жер сілкінісі болатын. Енді үй керек емес дейді", – деді Жібек жолы ауылының тұрғыны Нұрғали Қасымов.

Әкімдік пен тұрғындар арасында ресми кездесу 4 рет болған. Бірақ бұл жолы да жергілікті билік өкілі басқаша жауап айтты.

"Бұл кісілер 2024 жылға дейін "үй зардап шегіп жатыр" деп хабарласқан жоқ, сол себепті бұл үйлер сатып алынған жоқ. 29 жер телімі құрылыстың астында болғандықтан, сол жерді сатып алған. Қазір көріп тұрғандарыңыздай, 4 үй құрылыстан алыста орналасқандықтан, сатып алынған жоқ", – деді Қарасай ауданы Жер қатынастары бөлімінің бас маманы Темірлан Тілеуғазин. 

Үйдің бәрі қызыл сызықта тұрған соң тұрғындарға керегенің жарылғанынан бөлек, қарапайым күнкөрістің қамы қиындаған.

"Азаматтарымыз өздері тоқты тартып берді. Оған да көніп отырмыз. 40 метр жерден суды өзіміз тартып ішіп отырмыз. Қатты шаршап кеттік. Қалған өмірімізде жақсы, жылы жерде отырсақ дейміз", – деді Жібек жолы ауылының тұрғыны Зәуреш Боранбаева.

Азаматтардың арызын тыңдаған аудандық әкімдіктің өкілдері мәселе бір аптада шешілетінін айтып, уәде берді.

"Мен сөйлескен кезде олар тиісті ұсыныстар әзірленіп жатыр деген. Ешқандай нәтиже жоқ. Бірақ олар 1 айдың ішінде ұсынысты жібереді. Бір апта көлемінде "ҚазАвтоЖол" басшылары мен тұрғындар кездесу өткіземіз. Сол кездесу барысында нақты шешімді қабылдаймыз" – деді Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Адис Сейдакматов.