BANNER

Қарағанды Қаздрамтеатры Павлодардағы республикалық фестивальде "Үздік сценография" номинациясы бойынша марапатталды

Қарағанды облысының әкімдігі

Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды қазақ драма театры "Ертіс-Баян" мемлекеттік кәсіби драма және музыкалық-драма театрларының I Республикалық фестивалінде "Үздік сценография" номинациясы бойынша марапатқа ие болды. Театр аудармашысы Алма Бекболатова "Дара" медалімен марапатталды.

Павлодарда өткен фестиваль жазушы, драматург, публицист, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толуына арналған. Оған 11 шығармашылық ұжым қатысты.

Қаздрамтеатр Мұхтар Әуезовтің пьесасы бойынша "Қарагөз" трагедиясын ұсынды. Махаббат хикаясы мәңгілік: ол бүгін де, ертең де өзекті.

Спектакльді Вахтангов атындағы Ресей академиялық Мемлекеттік театрының режиссері Гүлназ Балпейісова қойды.

– Фестиваль бес күн бойы өтті. Фестивальде сыншылардың бүгінгі режиссура, сценография, актерлік құрам және жалпы театр өнері туралы пікірлері айтылды. Олар әр театрдың кемшіліктері мен жетістіктері туралы айтты. Біздің ұжым лайықты деңгейде өнер көрсетті. "Үздік сценография" номинациясы бойынша жүлдеге ие болдық, – деді Қаздрамтеатр директоры Құрман Қалымов.

Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры жақын арада павлодарлық көрермендерді тағы да қуантады. 1–4 қазан аралығында Павлодарда гастрольдік сапарлар жоспарланған.

Қаздрамтеатр павлодарлық көрермендерге "Қыз Жібек", "Атау-Кере", "Қош, махаббат", "Қарагөз" және "Қара пима" спектакльдерін ұсынады. Ал кішкентай көрермендерге "Мұзды өлке" ертегісі көрсетіледі.

Біздің әртістер Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театрының сахнасында, сондай-ақ Ақсу қаласындағы Сәбит Дөнентаев сарайында өнер көрсетеді.