BANNER

Теміртау жылыту маусымына қалай дайындалуда

Қарағанды облысының әкімдігі

Теміртаудың жылыту маусымына дайындығы облыс басшылығы мен энергобақылау органдарының жіті назарында. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев қаланың энергия көздерін аралап шықты. Облыс әкіміне жөндеу науқанының барысы туралы баяндалды.

"Qarmet" АҚ Бас директоры Вадим Басин ЖЭО-2-нің жылыту маусымына бес қазандықпен кіретінін хабарлады, оның біреуі резервте болады. Бұл тұрғындарға нормативтік деңгейде жылу беру үшін жеткілікті.

ЖЭО-2-де жетінші қазандықты орнату жұмыстары жалғасуда. Қыркүйек айында іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда.

Ермағанбет Бөлекпаев ҚарГРЭС-1-де кеңес өткізді, ол қаланың ескі бөлігінің тұрғындарын жылу энергиясымен қамтамасыз етеді. Электр станциясының үздіксіз жұмысына 86 үй тәуелді. Жылыту маусымында ол екі қазандықпен жұмыс істеуі тиіс. Алдағы уақытта олқылықтар болмауы үшін жөндеу науқанын күшейту керек. Сонымен қатар, қазандық цехының шатырын ауыстыруды аяқтау қажет.

Жылыту маусымына дайындық жөніндегі қалалық штаб күнделікті режимде жұмыс істейтіні атап өтілді.

Көпқабатты үйлерді дайындау да назардан тыс қалмайды. Теміртау әкімі Ораз Тәуірбеков биыл проблемалы үйлердің саны төрт есеге азайғанын хабарлады. Дегенмен, тұрғындары қысқа дайындықты бастамаған бірнеше көпқабатты үйлер бар. Қала әкімінің айтуынша, қазір мұндай үйлердің саны 60-қа жуық, тұрғындар үйішілік желілер мен жылу тораптарын ретке келтірмеген. Жергілікті билік төтенше шараларға баруға мәжбүр, мұндай үйлер техникалық дайындық актісін алмайынша жылытуға қосылмайды.

– Сондықтан біз қазір жаппай түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз және адамдарды шетте қалмауға, өз үйлерімен айналысуға шақырамыз, – деді Ораз Тәуірбеков.

Жылу магистральдарын реконструкциялауға және орамішілік желілерді жөндеуге келетін болсақ, жұмыстардың негізгі бөлігі орындалды. Шамамен 30 км құбыр ауыстырылды, қалған 10 км қыркүйек айында аяқталады.