Қарағандыда Үлкен Михайловка тұрғындарының көпжылдық проблемасы шешілді. Мұнда қауіпсіз және ыңғайлы темір жол өткелі салынды. Бұған дейін ересектер мен балалар оқуға немесе жұмысқа, дүкенге немесе дәріханаға бару үшін күн сайын өмірін қауіпке тігіп, теміржолмен өтуге тура келетін.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды қаласында қауіпсіз және инклюзивті орта қалыптастыру үшін берілген тапсырмалардың орындалуын тексерді.
Алдымен ол Үлкен Михайловкадағы жаңа көпірді қаоап қайтты. Оның ұзындығы шамамен 71 метр. Мүгедектігі бар адамдар мен баспалдақпен жүре алмайтын адамдар үшін лифтілер орнатылды. Жоба бойынша ашық өткел көзделген еді, бірақ түзетулер енгізіліп, шатыр жасалды. Өткен жылдың соңында нысан пайдалануға берілді және станса ауданында тұратын мыңға жуық адам оны пайдалануда.
Құрылыспен «Темір-Арқа» мердігерлік ұйымы айналысқан.
Кәсіпорын басшысы Марат Әбілқайыровтың айтуынша, құрылыс бірегей: көпірді екі тірек ұстап тұр. Магистраль жұмыс істеп тұрғандықтан, поездардың қозғалысы тоқтамағандықтан, құрылыс күрделі жағдайларда жүргізілді.
– Үлкен Михайловка тұрғындары темір жолдан өту мәселесін көтергеніне біраз болды. Бұл өте қауіпті учаске. Жаяу жүргіншілер көпірі жасалды. Осылайша біз адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз еттік, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Ол тәртіпті қадағалау және қандай да бір нысанның бүлінуіне жол бермеу үшін бейнебақылау орнатуды тапсырды.
Сонан соң облыс әкімі Г. Головкин атындағы спорт кешенінде болды. Күн сайын оған 1200 бала келеді, соның ішінде жүзге жуығы ерекше қажеттіліктері бар балалар. Бірақ ғимараттың құрылысы барысында лифт қарастырылмаған. Енді бассейн мен ойын залы орналасқан жоғарғы қабатқа шығу мәселесі шешілді.
– Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың сұрауы бойынша мәселе шешілді. Лифт жұмыс істеп тұр. Функционалдық, әрі кең. Бүгінгі таңда ғимарат мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктеріне бейімделіп, стандарттарға сай келеді, – деп атап өтті «Ten Qogam» орталығының басшысы, Қарағанды облысы әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндетәлиев.
Ермағанбет Бөлекпаев күрделі жөндеуден кейін қаңтар айында жұмысын қайта бастаған «Дельфин» бассейні мен «Локомотив» стадионындағы спорт нысандарын аралады.
Мұнда түбегейлі өзгерістер жасалып, сондай-ақ инклюзивті ортаға да назар аударылған. Мүгедектерге арналған автоматты көтергіштер орнатылып, бейімделген санитарлық тораптар жасалды.
1995 жылы салынған «Дельфин» бассейнінің ғимараты ешқашан күрделі жөндеуден өткен емес. Қазір мұнда заманауи материалдардан жасалған жаңа қасбет, шатыр, терезелер бар. Оның ішінде екі бассейннің сыйымдылықтары жөнделді, киім ауыстыратын бөлмелер мен жуынатын бөлмелері жаңартылды. Желдету және кәріз жүйелері толығымен ауыстырылды.
«Локомотив» спорт кешенінде жөндеуден кейін жаңа залдар ашылды: күрес, ауыр атлетика және теннис. Бокс залын дайындау жоспарланған. Жазда «Спорт әр аулаға» және «Аула футболы лигасы» бағдарламалары жұмыс істейді. Сондай-ақ, әлеуметтік осал отбасылардың балаларына арналған жазғы спорт лагері жұмыс істейді.
Футбол алаңы қазір ашық. Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындардың жылдың кез келген уақытында және кез келген ауа райында жаттығуы үшін жабық құрылыстың жобасын дайындауды тапсырды.
Облыс әкімі хайуанаттар бағына да барып қайтты, онда жаңа ғимаратты жақсартып, жетілдіру жалғасуда.
Ғимараттың кіреберісі жаңартылды. Жануарлар топтамасы толықтырылды. Сирек кездесетін көбелектер мен экзотикалық жәндіктер жинақталған жаңа павильон пайда болды.
Ал жақында динопарк пайда болады – жаңа жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде.