Саран қаласында биыл да абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Кешенді тәсіл түрлі саланы қамтиды: балалар және қоқыс алаңдарынан бастап, қоғамдық көлік, көгалдандыру мен цифрлық шешімдерге дейін.
Атап айтқанда, қалада 16 жаңа балалар ойын алаңы орнатылып жатыр, оның 11-і «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. 1А шағынауданында және «Сұңқар» стадионы алаңында «каравелла» үлгісіндегі екі ірі ойын кешенін орнату жоспарланған.
Сонымен қатар жаңа алаңдар Дубовкада, РТИ ауданында және өзге де қоғамдық орындарда пайда болады.
Жаңа алаңдармен қатар, бар инфрақұрылымды сақтау да назардан тыс қалған жоқ. Қалада бұған дейін орнатылған 10 аула ойын алаңы жөнделіп, ретке келтірілді. Үшеуіне жаңа көгал төселді.
Бұл жұмыстар қолданыстағы нысандарды жаңғыртумен қатар, олардың сапасын сақтауға да бағытталған.
Қоқыс алаңшаларын жаңарту мен контейнерлерді ауыстыру жұмыстары қатар жүргізілуде. Қала аумағында жалпы 93 қоқыс алаңы және 374 контейнер бар.
Биыл 24 жаңа алаң жабдықталып, 100 заманауи контейнер орнатылды. Ерекше атап өтерлігі — жер астындағы контейнерлердің енгізілуі. Қазіргі таңда қалада 20 осындай контейнер бар, олар 80 дәстүрлі контейнердің орнын басты. Бұл алаңдар коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр.
Енді мұндай нысандарда QR-кодтар орналастырылған, олардың көмегімен тұрғындар қызмет көрсетуші ұйыммен байланысып, кез келген мәселе туралы хабарлай алады.
Қоғамдық көлік саласындағы маңызды жаңалықтардың бірі — Саранда жүретін автобустардың барлығында Wi-Fi желісінің қолжетімді болуы. Қала ішіндегі 13 бағытта «Транко Экспресс» ЖШС-не тиесілі автобустар қатынайды. Жаңа жабдық тасымалдаушының қаражаты есебінен орнатылды.
Бұл шешім цифрландыру бағдарламасының бір бөлігі ретінде жолаушыларға жайлылық пен сапалы қызмет көрсету деңгейін арттыру мақсатында қабылданған.