BANNER

Жазасын өтеушілер арасында Ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті

Сурет: мекеме басшылығынан

Қарағандыдағы қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №34-ші мекемесінде Наурыз мейрамын тойлау аясында сотталғандар арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

Наурыз мейрамы - көне дәстүр сабақтастығының белгісі саналатын, ұлттық мәдениетіміздің қайта түлеген ерекше мерекесі. Халық арасында бұл мереке ұлттық таным бойынша үйге жыл бойы молшылық пен сәттілік әкеледі деген сенім бар.

«Наурыз мейрамы» – ұлттық мереке, оны көпұлтты Қазақстанда тұратын барлық халық тойлайды.

Мекеме басшысының орынбасары Әсет Қызыловтың айтуынша, наурыздың 20-сы Наурызнама бойынша Ұлттық спорт күні болып жарияланды, осыған орай, көктем мерекесін тойлауға сотталғандар да өз үлестерін қосты.

Қазақ халқында асық ату, арқан тарту, кір тасын көтеру, садақ ату сынды неше түрлі ұлттық ойындар бар. Ол ойындар білектің күшін, төзімділікті, тапқырлықты және ептілікті сынауға көзделген. Ел жадынан ұмыт бола бастаған көне ойындар Наурыз мерекесінде қайта жаңғырып, адамның қиялына қанат бітіріп, ой-өрісінің жетілуіне, физикалық тұрғыда дамуына ықпал етеді.

Жарыс аяқталғаннан кейін қатысушылар естелік сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды.