UFC-дің бұрынғы чемпионы, әйгілі ММА жекпе-жек шебері Конор МакГрегор Ирландия президенттігіне сайлауға түсуге шешім қабылдады. Өзінің өткір пікірлерімен танымал МакГрегор бұл шешімін X платформасында (бұрынғы Twitter) жариялап, жұмысшылардың, шағын бизнестің және отбасылық құндылықтарды қорғауға уәде берді, - деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
«Мен бұл туралы бұрын айтқанмын және қазір қайта айтамын: ирланд халқының байлығын тартып алғандардан жауап алатын уақыт келді. Жұмысшылардың, отбасылар мен шағын бизнес қорғаушыларының сөзі жететін болады!» деп жазды МакГрегор өз мәлімдемесінде.
Егер ол сайланса, қажет болған жағдайда, парламенттің төменгі палатасын таратуға ниетті екенін де жеткізді. Ол сондай-ақ Ирландияға халық мүддесін белсенді қорғайтын президенттің қажет екенін атап өтті.
«Мен — жалғыз дұрыс таңдау. 2025 жыл жақындап қалды, мен іс-әрекетке дайынмын», — деді спортшы.
МакГрегордың жазбасы X желісінде бірден танымал болып, 80 мыңға жуық лайк пен 11 мың репост жинады.
Алайда, МакГрегор сайлауда жеңіске жетсе де, оның өкілеттілігі шектеулі болмақ. Парламенттік республика болып саналатын Ирландияда негізінен президенттің ресми міндеттері ғана бар, ал нақты билік премьер-министрдің қолында.
Конор МакГрегор — әлемге әйгілі аралас жекпе-жек шеберлерінің бірі. Спорттағы жетістіктерінен бөлек, ол өзінің өткір пікірлері мен рингтен тыс арандатушылық әрекеттерімен де танымал болды.