Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, әлемде атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін қарастырып жатқан 27 елдің ішінде бірінші АЭС-ті салу бойынша 17 мемлекет қатарында Қазақстан шешім қабылдау сатысында тұр. Ал өз шешімін қабылдаған 10 мемлекет инфрақұрылымын салуда келісімшартқа қол қойып, жақын арада бірінші атом электр стансасының құрылысын бастамақшы. Мамандар зерттеуінше бір АЭС жыл сайын орта есеппен 20 млн тоннаға дейін СО2 қалдықтардың алдын алса, 1 кг уран 100 тонна көмір немесе 60 тонна мұнайға тең энергия шығарады екен. Бағамдасақ, бұл электр стансасының қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі айтарлықтай екендігіне көз жеткізуге болады.
Бізде АЭС құрылыс жобасына қатысты әлі де болса екіжақты көзқарас аз емес. Дегенмен соңғы уақытта қолдаушылар қатары көбейіп келеді. Ал сала мамандары, энергетиктер мен ғалымдар АЭС-ті салу елдегі экономиканың дамуы мен әлеуметтік жағдайдың жақсаруына әкелер еді деген пікірді қашаннан бері айтып әлек. Жасыратын несі бар, қалай айтсақ та қазіргі күні экономиканы алға қарай жылжыту үшін бар мәселе электр қуатына байланысты болып тұрғанына халықтың көзі жеткендей. Елдің энергетикалық дамуын арттыру жолында Қазақстанда АЭС құрылысын жүргізу жобасы қарастырылып, 2022 ;жылы мамырда Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылы АЭС салуға лайықты орын деп таңдап алынды.
«Күннің жарығы мен жылуы адам баласына қандай қажет болса, АЭС те еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылып, электр жарығына тәуелсіз өмір сүруі үшін өте қажет. Ертеңгі күнді бүгін ойлаған дұрыс. Болашақта электр жарығының тапшылық қаупі тұрғанда АЭС салудан бас тартпай, белді бекем буып, ел болып қолдау керекпіз. АЭС-тің арқасында ең алдымен, тасымалданатын жарықтан құтылып, өзімізде өндірілген жарыққа қол жетеді. Одан кейін экологияға зияны жоқ жасыл аймаққа айналамыз. Тағы бір пайдасы, атом энергетикасы орталық Қазақстанда орналасса, еліміздің барлық аймағын энергиямен қамту деңгейі артады деп есептейміз. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Көмір мен газ түтінін азайтуға үлес қосуымыз керек», дейді «Ақсұңқар секьюрити» ЖШС басшысы Бақытжан Бекмағанбетов.
«Балхаш-Энерго-1» ЖШС директоры Тохтархан Әлиевтің сөзінше, АЭС құрылысы Қазақстанның атом потенциалын, соның ішінде уранның қорын пайдалануға көмектеседі.
«Атом энергиясын экспорттаудың арқасында экономика гүлденеді, инновациялық жобалар көбейеді әрі дамиды. Атом энергетикасын бейбіт мақсатта қолдана отырып, еліміздің халықаралық аренадағы позициясы нығаяды. Меніңше, халықтың мүддесіне сай АЭС жобасын қолға алып жатқан мамандарды қолдау да, қорғау да қажет. Ол – өте қиын да жауапты іс. Мамандардың пікіріне құлақ түрсек, атом энергиясы қуаттылығы жағынан көмір мен газдан әлдеқайда жоғары, әрі сыртқа аз қалдық шығарады. Сондай-ақ уранның Қазақстанның өз ішінде өндірілуі, қосымша қаржыны талап етпеуі де бұл саланың артықшылығын көбейте түседі. Осы саланың мамандары АЭС-тен алынатын энергия экологиялық ең таза әрі қауіпсіз екенін айтуда», дейді.
Оның айтуынша, АЭС пайдасына тағы бір дәлел – елге бедел сыйлауы. Атом электр стансалары бар мемлекеттер соның ішінде әсіресе, уран өндіру және ядролық отын өндірісі бар елдер тек көмір немесе газ энергиясына негізделген елдерге қарағанда әлдеқайда дамыған деп есептеледі. Әлемде экономикасына АЭС пайда әкеліп отырған елдер аз емес.
Үлкен ауылының тұрғыны Нәсіпгүл Рахимованың айтуынша, Балқаш көлі географиялық жағынан оңтүстік пен солтүстіктің арасындағы екі жолдың торабында орналасқандықтан, АЭС-ті тап осы маңайда салудың маңызы орасан.
«АЭС салуға өз басым қарсы емеспін. АЭС жайлы қоғамда әртүрлі пікір бар. Болашақта электр қуаты қымбатқа түседі деп жатыр. Сондықтан Қазақстанда АЭС салу туралы шешім қабылданатын уақыт келді деп ойлаймын. АЭС салынса, біздің ауылда халыққа да жұмыс табылады. Ауылымызда көпқабатты үйлер бар. Бос тұрған пәтерлерге тұрғындар қоныстанып, ауыл халқының саны көбейер еді», дейді тағы бір тұрғын Сайрахан Күшікбаева.