BANNER

АЭС: тығырықтан шығудың жолы

Сурет: pixabay.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында қазіргі әлемде энергия тапшылығының артып бара жатқанын ескере отырып, атом энергетикасын дамытуға баса мән беру қажеттігіне тағы да тоқталды. Президент еліміздің келешегі үшін атом электр стансасын салу туралы шешім халықпен ақылдасып, келісіп барып қана жасалуы тиіс екенін қатаң ескертті.

Әрине, атом энергиясы мен оның қауіпсіздігі мәселесін елдің нақты қажеттілігі тұрғысынан бағамдау қажет. АЭС туралы халық арасында әртүрлі пікірлер айтылып жүр, оның болашағына күмән келтірушілер де баршылық. Біз Қазақстанның дүние жүзіндегі атом энергетикасын дамытуға мүмкіндігі бар мемлекеттердің бірі екенін ұмытпауымыз керек. Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың мәліметіне сүйенсек, елімізде уран өндірудің жылдық көлемі 21,3 мың тоннаны құраса, бұл көрсеткіш Канадада – 7,4 мың тонна, Намибияда – 5,6 мың тонна, Аустралияда – 4,6 мың тонна, Өзбекстанда – 3,3 мың тонна, Ресейде – 2,5 мың тонна, Нигерияда – 2 мың тонна, Қытайда – 1,7 мың тонна деңгейінде болған көрінеді. Яғни, уран өндіруден біз әлем бойынша алдыңғы орындамыз. Халық қолдаса, Қазақстанда АЭС құрылысын жүргізуге Оңтүстік Корея, Жапония, Франция, Ресей мемлекеттері ұсыныс жасап отыр. Семей ядролық сынақ полигонының қасіреті мен салдарын сезінген халық атом деген сөздің өзінен қорқатыны рас. Бірақ АЭС-тің қауіпсіздігіне кепілдік мол. Мемлекет басшысы жобаның экологияға əсеріне, бұл бастаманың маңызына терең үңіле отырып, АЭС құрылысына қатысты мəселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұйғарды. Өйткені Президент Қ.Тоқаев атап өткендей, «Азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дəйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба, мұны халық шешеді». Мемлекет басшысының бұл шешімінің сыртында еліміздің экономикалық дамуы, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатының артуы, экологиялық мәселелерді шешу мәселелері тұрғанын ескерген жөн. Себебі, электр қуатын тұтыну барған сайын артып, болашақта оның тапшылығы күшейе түсетіні анық. Сондықтан энергетикалық тығырықтан шығудың бірден-бір жолы осы атом энергетикасы деп ойлаймын.

Мейірлан ӘУБӘКІРОВ,

мал дәрігері

Қарқаралы ауданы

Мәди ауылдық округі