АИТВ-ға шалдыққан Шахтинск тұрғыны әйеліне қасақана ауру жұқтырған. Өкінішке қарай әйел ауыр дерттен көз жұмды. Марқұмның күйеуіне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Жоғарғы Сот хабарлады.
Соттың анықтауынша:
2015 жылы ер адам ВИЧ инфекциясын жұқтырған. Ол емдеуден жалтарып басқаларға жұқтырса, қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны, сақтық шараларын сақтау қажеттігі жайлы хабардар болған.
Ол 2016-2023 жылдар аралығында ауруын ескертпестен бір әйелмен бірге тұрған. Нәтижесінде жәбірленушіге ВИЧ инфекциясын жұқтырған. Инфекция кесірінен ол кісі қайтыс болған.
Сотталушының кінәсі сот-медициналық сараптамасы қорытындысымен расталды. Сараптамаға сәйкес жәбірленушінің өліміне ВИЧ инфекциясы себеп болған. Сотталушы өз кінәсін мойындамады.
Соттың шешімі:
Қылмыстық кодекстің 118-бабының 2-бөлігінің санкциясында 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Іс бойынша қылмыстық жауаптылықты да, жазаны да жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ. Қылмыстың ауыр деп танылу себебі – жәбірленушінің өлімі болды.
Сот сотталушыны Қылмыстық кодекстің 118-бабы 2-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды. Оған мәжбүрлі түрде емдеу тағайындалды.
Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.