BANNER

Ақтөбе облысында жол апатынан сегіз адам көз жұмды - қылмыстық іс қозғалды

Сурет: Ақтөбе облысының прокуратурасы

Ақтөбе-Астрахань тасжолында екі көлік соқтығысып, сегіз адам көз жұмды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

6 наурыз күні таңғы сағат 08:36-да LADA Largus пен Toyota Hilux көліктері соқтығысқан. Салдарынан Largus көлігі отқа оранды.

"Көз жұмған сегіз адамның жарақаты аса ауыр болған. Үш адам Мұғалжар ауданының ауруханасына жеткізілді. Олар ауруханаға жатудан бас тартты ", - делінген Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Сегіз адамның өмірін қиған жол апатынан соң қылмыстық іс қозғалды.

Ақтөбе облыстық прокуратурасы таратқан ақпаратқа сүйенсек, қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігімен іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.