BANNER

Аймақтың денсаулық сақтау саласының жұмысы алқа отырысында талқыланды

Суреттерді түсірген: Айдана БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Облыстық денсаулық сақтау басқармасында облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайынның қатысуымен алқа отырысы өтті. Алқалы жиында 2023-2025 жылдарға арналған Денсаулық сақтауды дамытудың негізгі бағыттары талқыланды. Сонымен қатар, басқарманың медициналық мекемелермен бірлесіп іске асыратын ұзақмерзімді бағдарламалары айқындалды.

Облыстық мәслихаттың депутаттары 60-қа жуық медициналық мекемеге тексеру жүргізген. Нәтижесінде, бірқатар кемшіліктер анықталған. Облыс әкімінің орынбасары осы кемшіліктерді басып айтып, тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды. Сонымен қатар, Ерлан Бейсенбайұлы ауылды жерлердегі кадр тапшылығын жеделдетіп шешеді тапсырды.

– Кейінгі 5 жылда өңірімізде 16 медициналық нысан бой көтерді. 115 мекемеге күрделі жөндеу жасалды. Үкімет медициналық нысандардың заман талабына сай болуы үшін барынша жағдай жасап отыр. Екінші жыл қатарынан ауыл медицинасын дамытуға арналған Ұлттық жоба іске асырылуда. Инфрақұрылымды жақсартуға баса мән берілуде. Сонымен қатар, жас мамандарымызды шет елдерде біліктілігін арттыруға көңіл бөліп жатырмыз. Мемлекет басшысы атап өткендей, адами капиталды дамытудың негізгі құрамдас бөлігі денсаулық сақтаудың тиімді жүйесі. Оны жаңғырту ерекше маңызға ие, – деді  Ерлан Бейсенбайұлы.

Денсаулық сақтау

Өткен кезеңнің нәтижелері сараланып, алдағы уақыттың межесі белгіленген жиында өңірдің денсаулық саласындағы жетістіктерге мән беріліп, өзекті проблемалар тамырынан талданды. Көпшілік талқысына түскен бағдарламалардың бірі – ана мен бала денсаулығын қорғау бағдарламасы. Осы бағдарлама аясында өңірде антенатальды бақылау, катамнез кабинетін, ерте араласу орталығын ашу сынды мәселелер сөз болды. Сонымен қатар, 5 жасқа дейінгі балаларды бақылау бағдарламасы, репродуктивті денсаулықты сақтау және нығайту, созылмалы ауруларды басқару бағдарламасы да қаралды. Бүгінде аймақта жүкті әйелдер мен 5 жасқа дейінгі балаларды БМСК деңгейінде Патронаждаудың әмбебап прогрессивті моделі іске асырылуда. Бағдарламаның негізгі принципі – отбасына назар аудару, медициналық көмек пен қолдаудың бұл түріне ең мұқтаж жандарға басымдық берілген жұмыс тобы, сондай-ақ, ата-аналарға тең дәрежеде қарау. 2024 жылы аудандық медициналық ұйымдарда қашықтан қызмет көрсету бойынша жобаны іске асыру жоспарлануда. Осы мақсатта орталық аудандық ауруханаларда қашықтан қызмет көрсету үшін кабинеттер ұйымдастырылады. Облыстық медициналық ұйымдар қашықтан кеңес беру үшін әрбір аудан мен қала үшін кестелер әзірлейді. Жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары халық денсаулығы мемлекеттік саясаттың басым бағыты екендігіне ерекше тоқталып, сала басшылығына нақты тапсырмалар жүктеді.

Ербол ЕРБОЛАТ,

Ortalyq.kz