Жедел іс-шаралар барысында Батыс Қазақстан облысында полиция тапсырыспен кісі өлтіру әрекетінің алдын алды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Өңірдің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері шұғыл түрде әрекет етіп, қылмысқа жол бермеді.
«Қылмысты ұйымдастырды деген күдікпен Батыс Қазақстан облысының екі тұрғыны ұсталды. Қылмысқа тапсырыс беруші күйеуімен мүлікті бөліскісі келмейтін әйел екені анықталды», - делінген полиция хабарламасында.
Күдіктілерден олардың кінәсін растайтын заттай дәлелдемелер тәркіленді. Тергеу мәліметтері бойынша, қаруды сатып алу және кісі өлтіруді орындау үшін тапсырыс беруші ұйымдастырушыға 1,3 млн теңге берген.
Күдіктілер ұсталды, соттың санкциясымен оларға қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды.
Қылмыстық іс кісі өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеліп жатыр. Күдіктілер 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Полицияның мәліметінше, қазір жәбірленушінің өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.