Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл Алматы қаласында, Маңғыстау, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда және Павлодар облыстарында 11 жаңа қосымша білім беру орталығын ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл ұйымдардың ашылуы оқушыларға қосымша білім беруге және олардың таланттары мен қарым-қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.
"Министрлік балаларды қосымша біліммен қамтуды арттыру бойынша кешенді жұмыс жүргізуде. Өткен жылы ғана елімізде 9 қосымша білім беру орталығы ашылды. Биыл олардың саны тағы 11-ге артады. Жалпы 2027 жылға дейін 100 қосымша білім беру орталығын іске қосу жоспарда бар", - деп атап өтті тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова.
Айта кетейік, биыл балаларды қосымша біліммен қамтуды 85%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Елімізде барлығы 1625 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді және әртүрлі бағыттар бойынша үйірмелердің 380 түрі ұсынылады. Оның ішінде ғылыми-техникалық, музыкалық, көркемдік-эстетикалық, экологиялық-биологиялық, туристік-өлкетану, әскери-патриоттық, әлеуметтік-педагогикалық және басқа да үйірмелер бар.