BANNER

Дуров Қазақстанға сапары жайлы

Фото: t.me/durov

«ВКонтакте» әлеуметтік желісінің және Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Қазақстанға сапары туралы ойымен бөлісті, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі kursiv.media-ға сілтеме жасап.

Дуров Қазақстанды Орталық Азияның экономикалық державасы деп атап өтіп, елімізге сапары туралы жазды. Ол Астананың ғажаптығы, Алматының тыныс-тіршілігі, Бурабайдың көркемдігі мен Шарын каньонын ерекше атап өтті.

«Қазақстанның сұлулығымен оның амбициясы ғана бәсекелесе алады. Ел бизнеске қолайлы саясат пен салықтардың арқасында халықаралық компаниялар мен технологиялық стартаптарды тартады. Сондай-ақ, инновациялық мектептер мен университеттерді қолдау арқылы білім беру және ғылым саласындағы позицияларын жақсартады», – деп жазды ол өз парақшасында.

Дуровтың жазуынша, 20 миллион қазақстандықтың 12,5 миллионы Telegram желісін ай сайын қолданады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25% артық.

«Біз қазақстандықтардың негізгі коммуникация құралы ретінде қызмет ететінімізді мақтан тұтамыз және елдің цифрлық түрленуіне ықпал ететін құрал боламыз деп үміттенеміз», – деп қосты Дуров.

Бұған дейін Дуровты Қазақстанға шақырғаны туралы ақпаратпен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев бөліскен еді.

Telegram мессенджерін белсенді қолданушылардың саны айына 900 миллионды құрайды. Бұл туралы танымал желінің негізін қалаушы Павел Дуров Financial Times басылымына берген сұхбатында айтқан еді.

«Инвесторлар қазір Telegram-ды 30 миллиард доллардан астамға бағалайды», – деп атап өтті сұхбат барысында Павел Дуров. 

Ол қазір миллонер компанияны IPO-ға шығару туралы ойланып жүр. 

Дуровтың айтуынша, инвесторлар, соның ішінде соңғы сатыдағы стартаптарға инвестиция салатын «жаһандық технологиялық қорлар» желіні 30 млрд доллардан астамға бағалаған. Компанияға толық иелік ететін миллиардер оны сату мүмкіндігін жоққа шығарды. Бірақ IPO туралы ойланып жүргенін растады. Дуров бұл мессенджер құндылығына «қолжетімділікті демократияландыру» мүмкіндігі деп есептейді.