Елордада көкжөтел мен қызылша жұқтырғандар азаймай тұр. Бұл туралы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астананың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі Baq.kz-ke сілтеме жасап.
Биыл 6 ай ішінде елордада инфекциялық, паразиттік, карантиндік және аса қауіпті инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп бағаланады.
Белгілі болғандай, алдын алу шараларының арқасында елордада аса қауіпті және карантиндік аурулар тіркелген жоқ.
11 нозология бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалады, осылайша КВИ сырқаттанушылығы 12 есеге, энтеровирустық инфекция 9,3 есеге, серозды менингит 3 есеге, ЖРВИ 2 есеге, В вирустық гепатитінің жіті түрі 43%-ға төмендеді, сондай-ақ скарлатина, В және С вирустық гепатитінің созылмалы түрлері, сальмонеллез, тұмау, дизентерия сынды аурулар бойынша төмендеу байқалады, - деп атап өтті Сархат Бейсенова.
Сондай-ақ 4 аурудың көрсеткіштерін өткен жылдың ұқсас кезеңінің деңгейінде қалуға мүмкіндік болған.
Олар: С гепатиті, описторхоз, ірінді менингит және менингококк инфекциясы. Алайда жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, 7 нозология бойынша сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Мысалы: көкжөтел 81 есе, қызылша 12 есе, паротит 3 есе, вирустық А гепатиті 1,5 есе, ротавирустық инфекция 17%, жедел ішек инфекциясы 13,9% және туберкулез 11% өсті, - деді елорданың бас санитар дәрігері.
Еске салайық, бұған дейін бас санитар дәрігер қызылша қаупі мен вакцинация туралы айтқан болатын.