BANNER

Қалдықтардың екінші өмірі: қарағандылықтар экофестивальде экологияның жаңа қырларын таныды

Gov.kz

Қарағандының Орталық саябағында ерекше орындық пайда болды – ол толықтай қайта өңделген пластиктен жасалған.

Бұл – «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған екі күндік TAZA QALA Eco Fest экофестивалінің нәтижесі. Іс-шара аясында келушілерге экологияның маңызын көрсететін түрлі қызықты белсенділіктер ұсынылды.

Фестиваль қонақтары велоұсақтағыштардың жұмысымен танысып, түрлі-түсті қақпақтардың қайта өңделу барысын көзбен көрді. 

Мұнда тіпті өзіндік валюта — экокойндар айналымға енген: қайта өңделген пластиктен жасалған бұл «тиындарды» экологиялық сыйлықтарға айырбастауға болатын.

Фестивальді Қарағанды облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығының тапсырысы бойынша ECO Network ұйымы ұйымдастырды.

– Біздің мақсатымыз – қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеудің маңыздылығын насихаттай отырып, адамдардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Бірақ біз бұл тақырыпты тек дәрістер мен үндеулер арқылы емес, адамдардың өздері белсенді қатысатын қызықты әрі ойын-сауық форматында жеткізгіміз келеді. Бұл фестиваль – экологияға қатысты түрлі бастамаларды бір алаңда тоғыстыратын, саналы тұтыну мәдениетін дамытатын маңызды құрал, – деді ECO Network ұйымының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов.

Фестиваль барысында қарағандылық мектеп оқушылары шамамен 14 мың пластик қақпақ жинап, тапсырды. 

Ересектер мен балалар велоұсақтағышқа кезекке тұрып, педаль басып, экологияны қолдауға өз үлестерін қосты. Әсіресе балалар үшін қақпақтың көз алдарында пластик ұнтағына айналғанын көру – нағыз әсерлі сәт болды. 

Әр 40 ұсақталған қақпақ үшін бір экокойн берілді.

Осы алаңда-ақ арнайы инжектор құрылғыларының көмегімен ерітілген пластик ұнтағынан кілтсалғыштар, ойыншықтар және басқа да бұйымдар дайындалды.

Экокойндарды викториналар мен экологиялық ойындарға қатысу арқылы да жинауға болатын.

Сонымен қатар, қалдықтарды қайта өңдейтін кәсіпорындар өз стендтерін ұсынып, батареялар мен органикалық қалдықтардың қайта өңдеу кезеңдерін көрсетті. 

Жәрмеңке аясында экологиялық таза өнімдер саудасы жүрді, 

шеберлер өз бұйымдарын ұсынып, шеберлік сабақтарын өткізді.

Фестивальге Астанадан дизайнерлер — Татьяна Имбергенова мен Алёна Сикорская қатысты. 

Олар ескі джинс матадан стильді шапандар мен киім үлгілерін тігетін қазақстандық апсайкл-брендтің негізін қалаушылар. Бұл жоба — саналы тұтыну мен ресурстарды үнемдеудің жарқын үлгісі.

– Бүгін біз он модель ұсындық – ерлер мен әйелдерге арналған. Біздің топтама гендерлік шектеулерден ада. Біз ескі дүниеден жаңа әрі креативті зат жасаймыз. Материалдың бәрі химиялық тазалаудан, булау және озондау кезеңдерінен өтеді. Осылайша біз табиғат ресурстарын ғана емес, адамның еңбегі мен уақытын да сақтауға тырысамыз, – деді Татьяна Имбергенова.

Алдағы уақытта Қарағандыда экохаб ашу жоспарланып отыр. 

Жаңа орталық – тұрғындарды экологиялық біліммен қамтитын, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеуге бағытталған және жасыл мәдениетті қалыптастыратын көпфункционалды алаң болмақ.