Қарағанды облысында Абай атындағы көркем оқу шеберлерінің өңірлік байқауының жеңімпаздары анықталды. Бірінші орынды Қарқаралы ауданы Қоянды ауылының клуб ұйымдастырушысы Ботахан Мәтелов иеленді.
Байқау 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл оған Балқаш, Приозерск, Саран, Қарағанды қалаларынан, сондай-ақ Ақтоғай, Қарқаралы және Шет аудандарынан 16–35 жас аралығындағы 30-ға жуық көркем оқу шеберлері қатысты.
– Қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Біздің басқарма Абай күніне орай "Тіл сүйер қауымды құттықтау" челленджін, сұрақ-жауап секциясын өткізді. Көркем оқу шеберлерінің байқауы осы іс-шаралардың нәтижесі деп айтуға болады, – дейді тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Сәуле Нелдібаева.
Байқау екі кезеңнен тұрды: поэзия және проза. Бірінші турда – "Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы" – қатысушылар Абай өлеңдерін немесе Абай шәкірттерінің шығармаларын жатқа оқыды. Екіншісінде – "Абайдың қара сөздері" – Абайдың өара сөздері немесе Абайдың өмірі мен шығармашылығына байланысты белгілі қазақ жазушыларының шығармаларынан үзінділер оқылды.
Бірінші орынды Қарқаралы ауданы Қоянды ауылының клуб ұйымдастырушысы Ботахан Мәтелов иеленді.
Екінші орынды Шет аудандық орталық кітапханасының қызметкері Бақдәулет Көпбаев пен Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенті Төлеген Қозы бөлісті. Үшінші орында Саран қаласының тұрғыны Ирина Девевье, Қарағанды қаласының № 61 жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Алина Наурызбаева және Ақтоғай аудандық мәдени-демалыс орталығының қызметкері Әли Сейдіғали.
– Қарқаралыда дүниеге келдім, жас кезімнен көптеген осындай байқауларға қатысып келемін. Бала кезімнен қазақ тілін жақсы білемін. Отбасымызда қазақ тілінде сөйлейміз. Қазақ дәстүрлерін көріп өстім. Байқауға Абайдың "Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?" өлеңін және қара сөздерін дайындадым, – деді Ирина Девевье.
Алғашқы үш орынды иеленгендер дипломдармен, Абай шығармалар жинағымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ал барлық қатысушыларға құрмет грамоталары табысталды.
Конкурсты ұйымдастырушы – Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасы.