Қарағанды облысында шалғай елді мекендерде өрт қауіпсіздігін күшейту жұмыстары жалғасуда. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Бұқар жырау ауданы Баймырза ауылында ерікті өрт сөндіру бекеті ашылды.
Ал Қарқаралы ауданында әмбебап құтқару бөлімшесі құрылып, оның қызметкерлері өртпен күресіп қана қоймай, апаттық-құтқару, іздестіру және алдын алу жұмыстарын жүргізетін болады. Мақсат – кез келген төтенше жағдайда көмек дер кезінде жетуі.
Жаңа ерікті өрт сөндіру бекетінің ашылуына облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен ТЖ министрі Шыңғыс Арынов қатысты.
– Бүгін біз облысымызда Баймырза ауылдық округінің екі елді мекеніне – Астаховка ауылына және Астаховка станциясына қызмет көрсететін тағы бір өрт сөндіру бекетін ашып отырмыз. Бұл жерде 2000-нан астам адам тұрады. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында осындай нысандар барлық аудандарда салынып, пайдалануға берілуде. Қазіргі уақытта Шет, Бұқар жырау және Ақтоғай аудандарында да өрт сөндіру пункттерінің құрылысы жүріп жатыр. Біз мұндай маңызды бастамаларды әрі қарай қолдаймыз. Адамдардың қауіпсіздігі мен амандығы – біздің басты басымдығымыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Ауылдық еріктілер өрт сөндіру техникасымен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Ғимаратта жуыну бөлмесі, демалыс бөлмесі, ас үй және әкімшілік бөлмелер қарастырылған.
– Баймырзада жаңа ерікті өрт сөндіру құрылымы құрылды. Жақын арада облыста тағы үш ЕӨҚ іске қосылады. Біздің міндетіміз – ауылдық өңірлерде сенімді өрт қауіпсіздігі жүйесін қалыптастыру, – деп атап өтті Шыңғыс Арынов.
Облыс бойынша «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында барлығы тоғыз өрт сөндіру бекетін ашу жоспарланған. Бұған дейін Нұра, Шет және Осакаров аудандарында үш бекет жабдықталған болатын.
Қазіргі таңда өңірде 58 өрт сөндіру бекеті жұмыс істеп, 126 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр.
Өрттен табиғатты қорғау ерекше назарда. Жуырда Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі «QazTehna» зауытында (Саран қ.) құрастырылған HOWO маркалы сегіз заманауи өрт сөндіру көлігін алды. Бұл техника аса қиын жағдайларда жұмыс істеуге арналған, мобильді әрі тиімді. Оның көмегімен орман өрттерінің алдын алу және келтіретін залалды азайту мүмкіндігі артады.
Өткен демалыс күндері Қарқаралыда әмбебап құтқару бөлімшесі ашылды. Мұнда құтқарушылардың жұмыс істеуі мен демалуы үшін барлық жағдай жасалған.
Ғимаратта спорт залы, психологиялық жеңілдену бөлмесі, асхана, душ кабиналары және әкімшілік кабинеттер бар. Техникаға арналған кең ангар да қарастырылған.
ТЖ министрі заманауи жабдықтармен жарақталған жаңа апаттық-құтқару көліктерінің кілттерін табыстады. Бұл техника республикалық бюджет есебінен сатып алынды.
Жергілікті билік те өртке қарсы қызметтің инфрақұрылымын жаңғыртуға және техникасын толықтыруға белсенді атсалысуда. Теміртауда өрт сөндіру бөлімінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Балқашта жаңа өрт депосы салынып жатыр.
Биыл өрт сөндірушілерге 21 бірлік заманауи арнайы техника берілді, барлығы 48 көлік жеткізілді. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен жауынгерлік киімдер мен түрлі жабдықтар сатып алынды.