Қарағанды облысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XXI еңбек маусымы салтанатты түрде аяқталды. Қорытынды іс-шара Қарағандыдағы Орталық саябақта концерт пен марапаттау рәсімімен өтті. Биыл жазда шамамен бес мың жасөспірім мен жастар өңірдің абаттандырылуы мен көгалдандырылуына үлес қосты. Олардың қатарында әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын санаттағы жастар да бар.
Жасақ сарбаздары көшелерді, саябақтар мен гүлзарларды тазалап, ағаштар мен гүлдер екті, сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене қатысты. Қарағандыда алғаш рет инклюзивті жасақ құрылып, онда менталдық ерекшеліктері бар жасөспірімдер өз қатарластарымен бірге табысты еңбек етті.
– «Жасыл ел» қозғалысы Қарағанды облысында 2005 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде әрбір қатысушы өңір экологиясына айтарлықтай пайда әкелді. Сырттай қарағанда, ағаш егу немесе қоқыс жинау аса ауыр жұмыс болып көрінбеуі мүмкін. Алайда әрбір егілген ағаш жылына 120 келі көмірқышқыл газын сіңіріп, үш адамды оттегімен қамтамасыз етеді, – деді еңбек маусымының жабылуында құттықтау сөз сөйлеп, жасақ сарбаздарына алғыс білдірген облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей. – Бүгін еңбек маусымы аяқталғанымен, бұл тарих жалғасуда. Әр келесі жыл «Жасыл ел» сарбаздарының жаңа жетістіктерімен ерекшелене бермек.
Әкімнің атынан ол қалалар мен аудандардың жастар ресурстық орталықтарына алғыс хаттар табыстады. Әр штабқа қайта өңделген пластиктен жасалған естелік тақтайша берілді. Бұл – экологияға орнықты көзқарастың айқын белгісі.
Қарағанды қалалық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Якуб Джамалов биыл өтініш қабылдау толықтай цифрландырылғанын атап өтті. Енді жастар үйден шықпай-ақ, тіркеуден бастап келісімшартқа дейінгі барлық процесті қашықтан жүзеге асыра алады. Сонымен қатар жұмыс уақытының есебі QR-код арқылы автоматтандырылды.
Бұқар жырау ауданы Жастар ресурстық орталығының директоры Ернат Әбутайдың айтуынша, ауыл жастары «Жасыл ел» жасақтарына қосылуға жылдан жылға көбірек ниет білдіруде.
– Биыл бізде жүзден аса сарбаз еңбек етті. Олар Ботақара кентінде, Ғабиден Мұстафин ауылында және Ақбел ауылдық округінде жұмыс істеді. Ағаштар мен гүлдер егіп, жасыл желектерге күтім жасады, елді мекендерді абаттандыруға атсалысты. Келер жылы жасақ санын көбейтуді жоспарлап отырмыз, өйткені қатысқысы келетіндер өте көп. Бұл – әрі табыс табуға, әрі туған жерге пайда әкелуге үлкен мүмкіндік, – деді ол.
Сондай-ақ Қарағанды қалалық штабының үздік жасақтары марапатталды.
Қарағандылық Анаита Смирнова «Жасыл елге» екінші жыл қатарынан қатысып отыр. Биыл ол саябақта еңбек еткен жасақтың командирі болып тағайындалды.
– Біз саябақты тазалап, көгалдандыру жұмыстарын жүргіздік, гүл ектік, орындықтарды сырладық. Маған бұл тек жұмыс қана емес, сонымен бірге жаңа достар тауып, қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беретіні ұнайды, – деп ойымен бөлісті қозғалыс белсендісі.
«Жасыл ел» жобасы жыл сайын дамып, жастардың қызығушылығын арттыра түсуде.
Бүгінде ол уақытша жұмыспен қамту алаңы ғана емес, азаматтық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті қалыптастыратын мектепке айналып отыр.
Фото Александра Марченко