Алматы облысында Сорбұлақ су қоймасы маңынан бөлшектері табылған EC-145 әскери тікұшағының экипажын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 28 шілде күні Сорбұлақ су қоймасы ауданында іздеу-құтқару операциясы жалғасқан. Су беті мен жағалау маңын тексеру жүргізілген, сонымен қатар ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды пайдалану арқылы аймақты әуеден бақылау жүргізілген.
“Суға 13 бірлік жүзу құралы жұмылдырылып, түбін тексеруге арнайы техникалық құралдар пайдаланылуда. Операцияларға қосымша бес әскери бөлімнің күш-құралдары тартылды. Жұмыс тәулік бойы жалғасуда. Іздеу шаралары барысында тікұшақтың қалдықтары табылды. Оларды анықтау жұмыстары жүргізілуде”, – делінген хабарламада.
Әзірге жоғалған тікұшақ экипажы табылған жоқ.
Қорғаныс министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп экипажды табу үшін барлық мүмкін шараларды қолданып жатқанын атап өтті.