BANNER

Қарағанды облысының кәсіпкері бақтақ балығын өсіре бастады

Қарағанды облысының әкімдігі

Кәсіпкер Сайран Болат бұл – ел нарығын қол жетімді бағада бақтақ балығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп үміттенеді. Ол Шет ауданындағы су қоймасына 350 мың шабақ жіберген.

Бұл ой алғаш екі жыл бұрын келген.

– Сол кезде маған біздің аймақта мұндай балықты өсіру мүмкін емес, оған тек ағынды су мен оңтүстік су қоймалары қажет деп айтты. Мен бұл мәселені зерттей бастадым, Батық ауылының маңындағы Шет ауданының су айдындары бақтақ өсіруге жарамды ма, жоқ па, соны зерттей бастадым. Бізде бұлақтар бар екені белгілі болды және жалпы біздің су айдынымыз бұл балық түрін өсіруге жарамды, – дейді кәсіпкер. 

Осыдан кейін ол Польшадан инкубатор сатып алып, шабақтарды өсіре бастаған. Балықты тоғанға жібермес бұрын, су айдынын қоқыстардан тазартып, жыртқыш балықтарды аулаған.

– Өкінішке орай, су қоймасында жыртқыш балықтар біз ойлағаннан да көп болды. Сондықтан біз мүмкіндігінше көбірек шабақтарды аман қалуы үшін оларды аулауды жалғастырамыз. Нәтижесінде қанша ересек балық қалатынын көктемде ғана білеміз, – дейді Сайран Болат.

Оның айтуынша, бақтақ балығын қыстауға ерекше жағдайлар жасаудың қажеті жоқ. Ең бастысы – су қоймасын суық мезгілде оттегімен қамтамасыз ету.

Кәсіпкер балық консервілерін өндіруді жолға қоюды және қазақстандық нарықты бақтақ балығымен жабдықтауды жоспарлап отыр.

– Біздің бақтақтың бағасы, әрине, басқа өңірлерден жеткізген балықтың қазіргі бағасынан төмен болады. Ол бізге Қырғызстан мен Польшадан жеткізіледі, ал біз лайықты бәсекелестік құрамыз. Біздің балық жаңа аулаған және арзан болады, – дейді ол.