BANNER

Қазақстанда мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама жетілдіріліп келеді

Gov.kz

Елімізде ашықтық пен тиімділікті, сондай-ақ әділ бәсекелестікті арттыруға бағытталған мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы дамыту жұмысы жалғасып жатыр. ҚР Қаржы министрлігі сатыпалым процесіне жаңа тәсілдерді жүйелі түрде енгізіп, қабылданып жатқан шаралар туралы ақпаратты қоғамға тұрақты түрде жеткізу арқылы қатысушылардың сенімін нығайтумен бірге ашықтықты қамтамасыз етіп келеді.

Айталық, Қарағандыда өткізілген кеңейтілген отырыста Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеиіл жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне күшіне енген мемлекеттік сатыпалым туралы заңдағы негізгі өзгерістер туралы айтып берді.

Мәселен, жаңа реформаға сәйкес барлық кезеңде сатыпалым рәсімдерін қадағалауға мүмкіндік беретін заманауи бақылау тетіктерін, сондай-ақ цифрлы шешімдерді енгізу жолдары қарастырылған. Бұған қоса қызмет көрсетушілерге қойылатын талаптар айтарлықтай күшейтілді. Атап айтқанда, енді ресми түрде расталған жұмыс тәжірибесіне, қаржылық тұрақтылық пен тиісті міндеттемелерді қажетті деңгейде орындауға ерекше назар аударылады.

Өтінімдерді бағалау өлшемдері де жаңартылды. Сонымен қатар ұсыныстардың сапасы мен жаңашылдығына баса мән беріледі. Бұдан бөлек тікелей келісімшарттардың үлесін азайтып, бәсекелестік процедурасын қолдануды кеңейту жоспарланып отыр.

Бұл ретте отандық өндірушілерге қолдау көрсетуге айрықша басымдық беріліп отырғанын айта кетейік. Олар үшін қосымша преференциялар мен мемлекеттік тендерлерге қатысуды ынталандыру тетіктері көзделген.

– Аталған өзгерістер мемлекеттік сатып алу процесін барынша тиімді, әділ және орнықты түрде дамытуға бағытталған. Осы арқылы еліміздің мүддесіне, жұмыс сапасы мен ашықтыққа басымдық беріледі, – деді Дәурен Маратұлы.