BANNER

Әлеуметтік желі және оның қоғамға әсері

Сурет: pixabay.com

Әлеуметтік желі қазіргі өмірдің ажырамас бөлігіне айналды, қоғамның әртүрлі аспектілеріне айтарлықтай әсер етті деуге де болады. Адамның өмірінде әлеуметтік желінің маңызы зор. Олар цифрлық технологияның негізгі элементіне айналды.

Ең алдымен, әлеуметтік желінің өміріміздегі оң рөлін атап өткен жөн. Әлеуметтік желі адамға әлемнің түкпір-түкпірінен байланысуға мүмкіндік береді. Адамдар қашықтық пен шекараға қарамастан бір-бірімен байланыста бола алады. Әлеуметтік желінің арқасында біз достарымызбен және отбасымызбен оңай байланысқа шығып, жаңалықтармен, фотосуреттермен және бейнелермен бөлісе аламыз. Әлеуметтік желі шығармашылық адамдарға өз жұмыстарын көрсетуге және аудиториямен бөлісуге мүмкіндік береді. Көркем суретшілер, музыканттар, жазушылар және басқа да шығармашылық тұлғалар өз туындыларын кең аудиторияға жариялай алады. Бұл платформа олардың өз саласында танымал болуына көмектеседі. 

Әлеуметтік желі ақпарат алмасу және білім беру процесін жеңілдетеді. Онлайн курстар, вебинарлар және оқыту материалдары арқылы білім алып, көп нәрсені үйренуге болады. Бұл әсіресе білімге қолжетімділігі шектеулі адамдарға маңызды. Мысалы, YouTube платформасында білім беру арналарының көбеюі көптеген адамдарға жаңа мүмкіндіктер тудырып, жан-жақты дамуына септігін тигізеді.

Әлеуметтік желінің жақсы жақтары көп болса да, оның қоғамға тигізетін теріс әсері де жеткілікті. Мысалы, оны жиі пайдалану психикалық денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін. Пайдаланушылардың өзін басқа адамдардың жетістігімен салыстыруы және әлеуметтік қысымға түсуі өзін-өзі төмен бағалауға, депрессияға және алаңдаушылыққа әкелуі мүмкін. Көптеген зерттеулерге сүйенетін болсақ, әлеуметтік желіні жиі пайдаланатын жасөспірімдер арасында депрессия деңгейі жоғары.

Келесі мәселе ол дезинформация. Әлеуметтік желі арқылы жалған ақпараттың таралуы үлкен мәселеге айналды. Жалған жаңалықтар және қате ақпараттар адамдардың дұрыс емес шешім қабылдауына ықпал етеді.

Әлеуметтік желіде адамның жеке ақпаратының таралуы оның жеке өміріне қауіп төндіреді. Алаяқтар пайдаланушылардың жеке мәліметтерін өз пайдасына қолдануы мүмкін.

Қорытындылай келе, әлеуметтік желі қазіргі қоғамға оң және теріс әсері де бар екенін байқауға болады. Әлеуметтік желіні жауапкершілікпен пайдалану және оның әсерін түсіну маңызды. Әр адамға ғаламтордан, түрлі платформалардан демалып, өзінің уақытын тиімді пайдалануды үйрену керек секілді...

Анелия НУРУМБЕТ,

Е.Бөкетов атындағы зерттеу университеті филология факультетінің ІІ курс студенті.