BANNER

Микрокредиттік берешекті қалай реттеуге болады

FinGramota

Егер кредит бойынша кезекті төлемді өткізіп алған  немесе таяу уақытта қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындауға мүмкіндік болмайтын жағдай туындаса қарыз алушы не істеуі қажет. Бұл жөнінде Fingramota.kz-кеҚазақстанның микроқаржы ұйымдары қауымдастығының (ҚМҚҰҚ) директоры Ербол Омарханов айтып берді.

Микрокредит бойынша мерзімін өткізіп алған қарыз алушыларға нелер жөнінде білу қажет? 

Микроқаржы ұйымдарында (МҚҰ) мерзімі өткен берешекті реттеу рәсімі Микроқаржылыққызмет туралы заңның 9-2-бабына сәйкес жүргізіледі. Онда мерзімі өтудің болуы жөніндехабардар етудің мерзімдері, борышкермен өзара іс-қимыл тәртібінің, берешек туралы дауды шешу тәсілдерінің белгілі бір тәртібі көзделген. Қалай болғанда да, МҚҰ қарыз алушыға  ол күтпеген жағдай болмас үшін оған төлем мерзімі өткені туралы әрдайым хабарлауға міндетті. Бұл хабарламада мынадай ақпарат болуға тиіс: 

- хабарламада көрсетілген күнге мерзімі өткен берешектің мөлшерін көрсете отырып, микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені орындау бойынша мерзімін өткізіп алудың пайда болуы және төлемдер енгізу қажеттілігі туралы;

- қарыз алушы - жеке тұлғаның микрокредит беру туралы шарт бойынша микроқаржы ұйымына жүгіну құқығы туралы; 

- қарыз алушының микрокредит беру туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамауының салдары туралы.

Бұл барлық МҚҰ үшін міндетті талап, оның мәні борышкердің қаржылық жағдайын жақсарту мақсатында, қиын жағдайдан шығудың әртүрлі нұсқаларын қарастыру болып табылады.

Егер бұрын МҚҰ қарыз алушылардың төлем мерзімін кейінге қалдыру немесе төлемді өтеудің жаңа кестесін беру туралы ұсыныстарын елемеген болса, енді заңда дауды сотқа дейінгі реттеудің міндетті рәсімі белгіленген, оны МҚҰ орындауға міндетті. Қарыз алушы мен МҚҰ арасында берешек туралы дауды реттеу тәсілдері туралы уағдаластық болмағаннан кейін ғана МҚҰ сот арқылы борышты мәжбүрлеп өндіріп алу рәсіміне кірісуге құқылы.

Жұмыс барысында кездесуге тура келетін таралған кейстер қандай?

ҚМҰҚ міндеттеріне қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау функциялары кірмейді. Бірақ егер азаматтардың қауымдастыққа жасаған барлық өтініштерін талдайтын болсақ, онда бірінші кезекте қарыз алушылар бізге өмірлік қиын жағдайларына байланысты төлем мерзімін кейінге қалдыруға жәрдемдесу туралы өтінішпен жүгінген. Мұндай жағдайларда біз қарыз алушыларға микроқаржылық қызмет туралы заң бойынша олардың құқықтарын түсіндіруге көмектестік, оларды МҚҰ-мен байланыстырдық. Жақында, айтпақшы, заңға түзетулер енгізіледі, оған сәйкес мұндай дауларды шешу үшін МҚҰ мен қарыз алушылар арасындағы берешек туралы барлық дауларды қарайтын және микроқаржы ұйымдары орындауға міндетті шешімдер шығаратын микроқаржы омбудсман институты құрылады.

Мен соңғы кейспен бөлісемін: МҚҰ қарыз алушысының әкесі бізге ұлының ауыр науқасына байланысты кредит бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыру туралы өтінішпен жүгінді. Әкесі ұлының қай МҚҰ-да қарызы бар екенін және қандай мөлшерде екенін білмеді. Барлық жағдайларды анықтағаннан кейін біз барлық ақпаратты тауып, қарыз алушының әкесіне көмектесе алдық.

Клиенттердің ата-аналары немесе жақын туыстары өздерінің туғандарына қарыз беруге тыйым салуды белгілеу өтінішімен жиі жүгінеді. Бұл клиенттер көбіне құмар ойындар ойнайды, өз отбасыларын ауыр материалдық жағдайға қалдырып, онлайн-кредиттер  алады және ол қаражаттың барлығын тағы да ұттырады. Өкінішке қарай, құмар ойынға деген тәуелділік біздің азаматтардың көбінің өмірлері мен отбасыларын ойрандады. Туыстары өтініш жасағаннан кейін біз кейбір жағдайда, берешек туралы дауларды шешу шеңберінде МҚҰ-мен өзара іс-қимыл мәселелерінде жәрдем көрсеттік.

 

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде мерзімі өткен төлемді реттеуге көмектесетін «делдалдардан» хабарландыруды жиі  кездестіруге болады,  бұл қаншалықты заңды?

Интернет кеңістігінде түрлі кеңесшілер, сарапшылар, «көмекшілер» деп атайтындар жетерлік, олар сыйақы үшін қарыз алушыларға МҚҰ-мен мәселені шешуге және қарызды кейінге қалдыруға немесе есептен шығаруға қол жеткізетіндеріне уәде береді. Негізі олар аңғал азаматтарды алдап, оларды одан сайын борыш қапқанына түсіреді. «Көмекшілердің» осы қызметтеріне беретін ақшаны борышты өтеуге жұмсаған дұрыс екендігіне келісесіз ғой, оның үстіне МҚҰ қарыз алушының кредит бойынша мерзімін кейінге қалдыру немесе жаңа кесте ұсыну бойынша өтінішін тегін қарауға міндетті. Қарыз алушы қарыз бойынша мерзімді кейінге қалдыру туралы мәселені тегін тікелей МҚҰ-мен шеше алатын жағдайда түрлі көмекшілер мен делдалдарға ақы төлеудің қажеті не деген сауал туындайды, оған қоса МҚҰ қарыз алушының берешек туралы дауын реттеу туралы ұсынысын қараудан бас тартуға құқылы емес. Адам күрделі қаржылық жағдайға тап болып отырғанымен қоса, түрлі делдалдар пайда болып, «мәселені шешу» бойынша күмәнді қызметтерді ұсынып, оның қаржылық жағдайын ушықтыра түседі. Мұндай «көмекшілер» борышкерлердің жағдайын одан әрі нашарлатып, өзге адамдардың қиындықтарынан пайда көруді көздейді. Сондықтан, егер сізде мерзімі өткен берешек туындаған болса, мәселені шешудің түрлі нұсқалары мен жолдарын ұсына отырып, тікелей МҚҰ-ға жүгінуге ұсыныс береміз.  

Қарыздар бойынша мерзімнің өтуіне жол бермеу үшін азаматтарға қандай кеңес бере аласыз?  

Қарапайым кеңесіміз – МҚҰ-ға жүгінбес бұрын өз қаржылық мүмкіндіктеріңізді әрқашан бағалай білуіңіз керек және қарызды қайтармау салдарын түсінуіңіз керек. Кредиттер ешқашан ақысыз болған емес және қызмет көрсету үшін әрқашан да пайыздар алынады, ал егер мерзімді өткізіп алсаңыз, пайыздың үстіне өсімпұлесептеліп, кредиттік тарих бұзылады.  

Сонымен қатар, сот арқылы мәжбүрлеп өндіріп алу үдерісінде борышкерге шектеулер қойылып, борыш сомасы сот шешімі бойынша сот орындаушылары арқылы өндіріледі.  

Түрлі көмекшілер мен делдалдарға сенбеңіз, олардың мақсаты МҚҰ-ның тегін беретін қызметі үшін сізден ақы алу. Өз қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!