Қарағанды облысы әкімдігі жанындағы жастар мәселесі жөніндегі Кеңестің кезекті отырысында қарағандылық жастардың жұмысқа орналасуы талқыланды. NEET санатына ерекше назар аударылды.
Биыл облыста "Мүмкіндіктер марафоны" іске қосылды. Бағдарлама еш жерде оқымайтын және жұмыс істемейтін жастарға бағытталған.
– NEET санатындағы жастардың мәселесін шешуге дербестендірілген тәсілге басты назар аударылды. Біз оларға бос жұмыс орындарын ұсынамыз, қолданыстағы мемлекеттік және аймақтық бағдарламалар, еңбек және салық заңнамасының нормалары туралы ақпарат береміз. Сондай-ақ, заңгерлік және психологиялық консультациялар өткізілуде, – деді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұржан Ілияш.
Өз ісін ашу үшін жастарға грант беру жалғасуда. Тегін кәсіптік бағдар беру курстары бар. Жас мамандар үшін жеңілдікті ипотеканы пайдалануға мүмкіндік бар.
Кездесуде "жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар" және "бірінші және екінші топтағы мүгедек адамдар" санаттарындағы жастарды әлеуметтендіру бағдарламасының жобасы таныстырылды. Жұмыстың негізгі бағыттарының ішінде: жұмысқа орналастыру, оның ішінде өз ісін ашу, тиімді бос уақытты ұйымдастыру, заңгерлік және психологиялық көмек көрсету қарастырылған.
ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру туралы да айтылды. Жергілікті оқу орындарында бұл міндет жүктелген арнайы орталықтар бар. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарында Бос орындар жәрмеңкелері, мансап күндері өтеді, ірі және шағын кәсіпорындардың өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылады.
Отырысқа қатысушылар түлектердің басқа облыстарға кеткісі келмеуі үшін өңірлік инфрақұрылымды дамыту қажеттігін атап өтті.