BANNER

Мұрат Төлегенов: «Қазақстандықтарды АЭС-ке қатысты бес сұрақ мазалайды»

Сурет: pixabay.com

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының ұйымдастыруымен шара өтті. Онда сарапшылар бейбіт атом тақырыбында сөз қозғап, мәселені ортаға салды. ҚР Энергетика министрлігі Ядролық физика институтының департамент директоры Мұрат Төлегенов атом электр станциясын салуға байланысты Қазақстан халқын алаңдататын негізгі бес мәселе бар екенін айтты, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.

«Президент Жолдауда референдум туралы хабарлағаннан кейін Энергетика министрлігі халық штабын құрды. Ядролық физика институтының өкілдері еліміздің өңірлерін аралап, облыс орталықтарында халықпен кездесті. Мен Ақтау, Атырау, Ақтөбе және Орал қалаларында болдым. Соның нәтижесінде барлық жерде азаматтарды негізгі 5 сұрақ мазалайтынын анықтадық. Біріншісі – сыбайлас жемқорлық. Бірақ мемлекетіміз АЭС құрылысын бастап, оны іске қосқан кезде ол Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің толықтай бақылауында болады. АЭЖХА мамандарды біздің институтқа еш ескертусіз кез келген уақытта тексеріспен келе салады», – деді ғалым.

Сондай-ақ, Мұрат Төлегенов келесі сұрақтарға тоқталып, Балқаш көлінің тартылып кету қаупі жоқ екенін атап өтті.

«Екінші сұрақ – Балқаш көлі. Кей адамдар АЭС-ке су алынса, көлге қауіп төнеді деп ойлайды. Балқаш көлінің көлемі – 180 млрд м3. Ал АЭС-ке алынатын су көлдегі табиғи буланудың 0,33% пайызына тең.

Тағы бір сұрақ – қолданылған жылы су Балқаш көліне төгіле ма? Жоқ, бұл су көлге қайта жіберілмейді.

Үшінші сұрақ – электр қуатының бағасы. Бұл туралы пікір білдіруге әлі ерте. Экономист мамандар алдағы уақытта есеп жүргізеді. Бірақ меніңше, көп қымбат шығады деп ойламаймын», – деді ол.

Маманның айтуынша, халықты алаңдататын келесі сұрақ – атом реакторының құрылысымен айналысатын мемлекетті анықтау.

«Төртінші – «АЭС-ті кім салады?» деген сұрақ. Қазіргі уақытта 4 ұсыныс бар: Франция, Қытай, Ресей және Оңтүстік Корея. Референдум нәтижесі оң болса, тендер жүргізіледі. Кімнің ұсынысы ең жақсы болса, сол бұл мүмкіндікке ие болады.

Бесінші – қажетті мамандар бар ма? Бұл тұста Қазақстан атом энергетикасын бірінші рет қолданайын деп жатпағанын айта кету керек. Бізде тәжірибе бар. Ақтауда 1973-1993 жылдары БН-350 реакторы жұмыс істеді. Бізде институтта 3 оқу орталығы бар. Соның ішінде радиациялық қауіпсіздік орталығы жарты жыл ішінде 56 маманды дайындап шықты. Жалпы 2 мыңнан астам маман оқытылды. Сондай-ақ, еліміздің университеттерімен бізде меморандум бар. Соңғы курстарда оқып жүрген ядро-физиктер тікелей бізде дайындалатын болады», – деді Мұрат Төлегенов.