BANNER

Пәк қыздардың тізімі: Министр студенттердің жеке деректері қалай тарап кеткенін түсіндірді

Сурет: pixabay.com

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыда студент қыздардың жеке деректері қалай тарап кеткенін айтты, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

«Бұл жағдай бойынша құқық қорғау органдарын тарта отырып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Негізі жеке мәліметті таратпау тұрғысында медицина орталығы қызметкерінің қателігі болған. Физика-техника факультетінде туберкулезді және басқа да ауруларды анықтау үшін міндетті флюорографиядан өтпеген студенттердің белгілі бір саны болды. Медицина орталығының қызметкері флюорографиядан өтпеген студенттердің тізімін жіберген, сондай-ақ ол соның ішінде қосымша медициналық ақпарат жазылған деректерді алып тастамаған. Бұдан бөлек, деканат қызметкері де осы деректерге мән берместен файлды бүкіл деканатқа таратып жіберген», - деді С. Нұрбек Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Сонымен қатар, министр студенттер бұған дейін гинекологтың тексеруінде болғанын айтты.

Айта кетсек, «Пәктік тізіміндегі» студент қыздардың ата-анасы Қазақ ұлттық университетін жауапқа тартатынын хабарлаған едік.

Биыл ақпан айында Алматы прокуратурасының нұсқауымен дербес деректерді тарату бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сол кезде де Ғылым және жоғары білім министрі Алматыда студенттердің жеке мәліметтерінің таралып кетуіне пікір білдірген еді.