Саранда алдағы жылыту маусымы түбегейлі өзгеше болмақ. Қала көп жылдан бері күткен орталық қазандықпен қыстайды. Ол қаланың 80%-ын жылумен қамтамасыз етеді. Жергілікті қазандықтар резервте қалады, оның бесеуі тұтынушыларды жылумен қамтамасыз етуін жалғастырады.
Орталық қазандық сынақ режимінен өтуде. Барлық төрт қазандық іске қосылды. Жылу беру режимі біртіндеп артады. Қарағандылық жеткізушілерден көмір сатып алу жүріп жатыр.
Орталық жылумен жабдықтауға көшу схемасы туралы Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов айтып берді.
– Жалпы, біз 264 көппәтерлі тұрғын үй мен 46 әлеуметтік нысанды қосамыз. Біз жүйені іске қосуды кезеңдерге бөлдік. Биыл екі кезең – 255 нысан. Келесі жылы үшінші кезең қосылады. Бұл "Горняк" шағынауданы, Абай көшесі. Үйлерде ешқашан орталық жылыту болған емес және үй ішіндегі құбырларды қосу қажет. Жобалаушы табылды, – деп түсіндірді ол. – Орталық жылу көзінің жалпы қуаты – 130 Гкал. Қала қазір тек 54 Гкал тұтынады. Жылыту маусымына біз екі қазандықпен кірісеміз, екеуін резервте ұстаймыз. Болашақта кеңею үшін қуат қоры бар.
Әкімнің айтуынша, тариф бұрынғы деңгейде – бір шаршы метріне 184 тг. сақталады.
Еркін Баулықов алдағы уақытта орын алуы мүмкін тәуекелдерді атап өтті.
– Бізде маусым жаңа форматта басталғалы тұр. Кейбір мәселелерді байқап отырмыз, және де проблеманың мәнін де түсінеміз. Қалада магистральдық желілер 13 жыл бұрын салынған. 2022 жылы біз оларды техникалық куәландыруды бастадық. Биыл гидравликалық сынақтар толығымен өткізілді. Ақаулар табылды, олар түзетілді. Қазіргі уақытта олар әлі де гидравликалық сынақтардан өтіп жатыр. Кейбір мәселелер туындауы мүмкін, оларды жедел шешетін боламыз, – деді қала әкімі.
Орталық қазандыққа арналған қазаншаларды Барнаул зауыты жасаған. Жылу көзі төмен температуралы қайнау қабаты секілді энергияны үнемдейтін технологиямен салынған. Бұл тәсіл көмірдің кез-келген түрін қолдануға және отынды үнемдеуге мүмкіндік береді, ол өз кезегінде экологияға оң әсер етеді – күл аз болады. Қазіргі заманғы газ құбырлары да орнатылған.
Қазандық мүмкіндігінше автоматтандырылған. Операторлар бүкіл процесті бақылап отырады.
Кәсіпорын штаты да жасақталған, мұнда 70 адам жұмыс істейтін болады. Оның ішінде мұнда ауысып келген жергілікті қазандықтардың бұрынғы қызметкерлері де бар. Олардың барлығы оқудан өтті. Ал келесі жылы орталық қазандықтың жанынан кадрлар даярлау үшін оқу орталығын құру көзделіп отыр.