Қарағанды қаласында өткен дәстүрлі облыстық жазғы ауыл спартакиадасы «Сарыарқа-2025» аясында жеті ауданнан келген 500-ден астам спортшы 12 спорт түрінен өзара мықтыны анықтады. Биылғы ерекшелік — жарыс бағдарламасына алғаш рет кикбоксингтің енгізілуі. Жалпыкомандалық есепте Бұқар жырау ауданының командасы топ жарды.
Спартакиада биыл 37-ші рет ұйымдастырылып отыр. Жеңіс кубогы үшін Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандарының спортшылары сынға түсті.
— Әр ауданда іріктеу кезеңдері өтті. Бұл жарысқа үздіктердің үздігі жиналды. Нәтижесінде қыркүйек айында Алматы қаласында өтетін республикалық «Ақ бидай» ауыл ойындарына жолдама алған мықты спортшылар анықталды, — деді жарыстың бас төрешісі Тілеубек Аманжол.
Жарыстар қаладағы түрлі спорт нысандарында өткізілді. Нұркен Әбдіров атындағы спорт сарайында тоғызқұмалақ, кикбоксинг және қол күресі бойынша сайыстар ұйымдастырылса, ұлттық және ат спорты түрлеріне маманданған «Қайрат» спорт мектебінде қазақ күресі, жекпе-жек, асық ату және бес асық жарыстары өтті. Ерлер мен әйелдер арасындағы волейбол турнирлері «Аманат-арена» спорт кешенінде және Қарағанды техникалық университетінің спорт залында өткізілді. Мини-футбол ойындары Орталық саябақ алаңында, Президенттік көпсайыс Абай атындағы мектеп-гимназияда, ал үстел теннисі «Жастар» стадионында өтті.
Екі күнге созылған бәсекеде Бұқар жырау ауданының командасы көш бастады.
— Барлық командалар жақсы дайындықпен келді, — деді Бұқар жырау ауданының спорт бөлімінің басшысы Олег Цыганков. — Біздің спортшылар барлық дерлік спорт түрінде жоғары нәтижелер көрсетті. Соңғы жылдары ауыл спортшыларының деңгейі айтарлықтай өсті. Қатысушылар тыңғылықты жаттығып келеді. Сондықтан бұл жеңістің маңызы біз үшін өте жоғары.
Екінші орын Шет ауданына бұйырса, үштікті Абай ауданының командасы түйіндеді.