Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Шет ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, төтенше жағдайларды жою жөніндегі штабтың отырысын өткізді. Аймақ басшысы комиссияға төтенше жағдайдың салдарын жою бойынша барлық шараларды қабылдап, дүйсенбіге дейін келтірілген шығынды бағалауды аяқтауды тапсырды.
– Қазіргі таңда аудандық комиссия белсенді жұмыс істеп жатыр. Үйлерді техникалық тексеру аяқталды, оны аккредиттелген ұйым жүргізеді. Төлемді келесі аптада бастаймыз. Сонымен қатар, зардап шеккендерге 100 АЕК көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетіледі, – деді Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров.
Үй сатып алу немесе салу мәселесі қарастырылуда.
Ветеринариялық станцияның мамандары кірген комиссия малдың шығынын анықтады. Су тасқынынан 111 бас мал: 22 жылқы, 72 ұсақ мал және 17 ірі қара өлген. Келтірілген шығын иелеріне өтеледі.
Сондай-ақ ауданда су тасқыны орын алған ішкі жолдарды қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті.
Аудан ауылдарында су тасқыны кезінде 39 мың текше метр еріген су сорылып, 45 мың дана құмды қап төселіп, қорғаныс оқпандарын нығайтуға 2,5 мың тонна инертті материал жұмсалды.
Ермағанбет Бөлекпаев Қайрақты ауылында болып, су басқан үйлерді аралап, тұрғындармен сөйлесті.
Ешкім үйсіз қалмайды, деп сендірді облыс әкімі. Барлық қажетті көмек көрсетіледі.
Қайрақты ауылында үйлерін су басқан тұрғындарға көмірмен көмек көрсетілді.
Су тасқынынан зардап шеккендерге алаңдаулы қазақстандықтар да көмектесуде. Шет ауданына кәсіпкерлердің, ҚХА, қоғамдық қорлар мен басқа да құрылымдардың қайырымдылық көмектері жеткізілді.
– Наурыздың 29-ы күні бізге су келді. Содан бері жергілікті билік пен құтқарушылар бізбен үнемі бірге болды. Олар көмек көрсетіп, айналма жолды қалпына келтіруде. Келтірілген шығынды анықтау жұмыстары жүргізілуде. Бізге гуманитарлық көмек жинаған қамқор тұрғындарға рахмет! Бұл табиғи құбылыс, ешкімді кінәлауға болмайды. Үйімді су басты, қорам бұзылды, гаражымды су басты. Мал аман қалды: дер кезінде қауіпсіз жерге апардым, – дейді Қайрақты ауылының тұрғыны Талғат Әбжанов.