Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бірнеше адамды өлтіру фактісі бойынша іс қаралып, сот үкімі шықты. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі Шымкент соттарына сілтеме жасап хабарлайды.
Сот мәліметінше, күдікті Д.-ға Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабының 1-бөлігімен (адам өлтіруге оқталу), 99-бабы 2-бөлігінің 5), 13) тармақтарымен (аса қатыгездікпен, бірнеше рет адам өлтіру), 188-бабының 1-бөлігімен (ұрлық) айыпталған. Сотталушы 2024 жылғы 4 қаңтар күні сағат 17:00 шамасында алкогольге масаң күйде Шымкент қаласы Абай даңғылының бойында орналасқан жылу құбырының үстінде ұйықтап жатқан, араларында бұрыннан бас араздығы бар жәбірленуші А.-ны қасақана өлтіруге оқталып, өзімен бірге алып жүрген туристік жиналмалы пышақпен жәбірленушіге соққылар жасаған.
Алайда жәбірленуші дауыстап айқайлап көмекке шақыруына байланысты, осы қылмысын соңына дейін жеткізе алмаған. Д. әрі қарай сол күні сағат 17:20 шамасында алкогольдік масаң күйде, Шымкент қаласы, Гагарин көшесіндегі қараусыз қалған ғимараттың ішінде жәбірленуші М.-мен бірге спирттік ішімдік ішу барысында араларында туындаған жанжал барысында, жәбірленушінің мойынына бірге алып жүрген туристік жиналмалы пышақпен соққы берген, нәтижесінде жәбірленуші қаза тапқан. Оған қоса, Д. жәбірленуші М.-ның қаза болғанын біліп, оның қалтасындағы Н.-ға тиесілі құны 20 000 теңге тұратын ұялы телефонын ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған.
Сондай-ақ Д. алкогольдік масаң күйде сол күні сағат 18:30 шамасында Шымкенттегі Бекет батыр көшесінде тастанды, қараусыз қалған үйдің ішінде жәбірленуші Д.-мен спирттік ішімдік ішу барысында араларында пайда болған жанжал кезінде, аса қатыгездікпен жәбірленушінің кеуде торына өзімен бірге алып жүрген асханалық пышақпен көптеген соққылар жасап, әрі қарай жәбірленушіні астына басып алып, жәбірленушінің бас аумағына сол жерде жатқан таспен бірнеше рет соққылар жасаған, нәтижесінде жәбірленуші қаза тапқан.
Сотталушының өзінің кінәсін мойындаған және жәбірленушінің, куәлердің жауаптарымен, заттай дәлелдемелермен, сот сараптамғаларының тұжырымдарымен дәлелденеді. Соттың шешімімен Д.-ға Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 1-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігінің 5), 13) тармақтары, 188-бабының 1-бөлігімен түпкілікті 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.