Шымкентте жалдамалы пәтерден Үндістаннан келген 21 және 22 жастағы екі студенттің денесі табылды. Олардың неден қайтыс болғаны әлі белгісіз. Бұл туралы Otyrar.kz басылымына сілтеме жасап Life09 ақпарат агенттігі хабарлайды.
Басылым мәліметінше, студенттердің денесі марқұмдар тағы үш шетелдікпен бірге жалға алған пәтердің жатын бөлмесі мен дәлізінен табылған. Студенттер Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының екінші курсында оқып жүргені айтылады.
Сондай-ақ, өлім себебі сараптама арқылы анықталып жатқаны жазылған. Бұл ретте Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі студенттер иіс тиіп қайтыс болды деген бастапқы нұсқаны жоққа шығарды.
Өйткені пәтерде орнатылған газ бағанасы мен ас үй пешінен ақаулар анықталмаған. Журналистер ақпарат алу үшін Шымкент қалалық полиция департаментіне сауал жолдады.