Қарағанды облысында күзгі көгалдандыру жұмыстары басталды. Аймақтың кең аумақтарына жергілікті климатқа төзімді ағаш түрлері – қарағаш пен үйеңкі егілуде. Биылғы жоспар айрықша ауқымды: шамамен 300 гектар жерге 840 мыңнан астам көшет егу көзделген. Оның бір бөлігі көктемде отырғызылса, қалғаны қазір жалғасуда.
Ең көлемді жұмыстар Шахтинск қаласының маңында жүріп жатыр. Мұнда 161 гектар алқапқа Новодолинск тұқымьағында өсірілген екі жылдық 400 мыңға жуық көшет егіледі.
– Біз жаңа орман алқаптарын ағаш мүлде болмаған немесе зақымданған аумақтарда қалыптастырамыз. Ол үшін табиғи жағдайға барынша бейімделген түрлерді таңдап отырмыз, – дейді Қарағанды облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау басқармасының орман өсіру және қалпына келтіру инженері Эдуард Крюков.
Көшеттердің жерсінуін арттыру үшін өңірде заманауи орман-тұқым станциясын салу жоспарланып отыр. Оның арқасында тамырлану көрсеткіші 80–90 пайызға жетпек. Сондай-ақ өсімдіктерді небәрі алты айдан кейін егуге мүмкіндік туады.
Новодолинск тұқымбағы – аймақтағы ең ірі мекемелердің бірі. Мұнда жыл сайын 1,3 миллионға жуық көшет өсіріледі. Дәстүрлі қарағаш, үйеңкі мен қарағайдан бөлек, биыл алғаш рет қайың мен долана егілді.
Тұқымдық материалдың сапасы да дәлелденген. Мәселен, екі жыл бұрын Кирзавод аумағындағы өртенген орман алқабына отырғызылған қарағай көшеттерінің 90 пайызы тамыр жайып, бой көтерген.
Қазір облыстың орман шаруашылықтарында үйеңкі, қарағаш және қарағайдың 2,4 миллионнан астам көшеті сақтаулы. Бұған қоса, жаңа тұқымдар жинау жұмыстары да жалғасып жатыр.
Жалпы, 2027 жылға дейін Қарағанды облысында 2 мың гектардан астам аумаққа шамамен 7 миллион жас ағаш егу жоспарланған.