Абай облысындағы көрікті Мақаншы өңірінде, Алакөлдің жағасында асық ату және бес асық ұлттық ойындарынан ардагерлер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Бірнеше күнге созылған жарысқа елдің 14 облысынан келген командалар қатысты.
Теміртау қаласының намысын қорғаған ардагер спортшылар жоғары дайындық пен шеберліктерін көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді. 65 жастан асқандар арасындағы «асық ату» сайысында «Қыздар гимназиясының» математика пәнінің мұғалімі Молдаш Нұрымов чемпион атанды.
Ал 60 жастан асқан әйелдер арасында өткен «бес асық» жарысында «Қуаныш» балабақшасының тәрбиешісі Гүлнәр Әлиева үздік нәтиже көрсетті.
– Жастық шағымызда асық ойыны біз үшін күнделікті қызықтың бірі болатын. Екі жыл бұрын Теміртау құрамасына шақырып, жастарға асықты дұрыс ұстау мен шебер ойнаудың қыр-сырын үйретуімді өтінді. Ашық айтайын, біздің кезімізде ережелер сәл өзгеше болатын. Бірақ жастар мені ынтамен тыңдап, ұлттық ойынға шынайы қызығушылық танытты. Бұл спорт түрі көру қабілетін, төзімділік пен ептілікті, дәлдікті дамытады. Біздің бұл жеңісіміз – ұлттық ойындарымыздың маңыздылығын көрсету мен оларды қайта жаңғыртудың бір жолы, – дейді Молдаш Нұрымов.
Команданың жеке бапкері Асан Жолдыбаев шәкірттерінің спорттағы нәтижелерімен қатар, олардың ұлттық ойындарды жастар арасында кеңінен насихаттауға қосқан үлесін де ерекше атап өтті.
– Мен әр ойынның алдында ардагерлерге тек жеңіс емес, ұлттық мұраның аманатын жеткізу міндеті жүктелетінін айтып отырдым. Олар – осы дәстүрді жалғастырып келе жатқан аға буын. Қазіргі таңда жастардың көпшілігі цифрлық әлемге әуес. Ал біз олардың назарын дене қозғалысын қажет ететін, адамды тәртіпке, шыдамдылыққа, шымырлыққа тәрбиелейтін ұлттық ойындарға бұруымыз керек. Ардагерлеріміз бұл жолда өз міндетін мінсіз атқарды – шеберлік көрсетіп, жарқын жеңіске жетті, – деді бапкер.
Сурет: Теміртау қаласының «Тау» спорт клубы