Түркістан облысында 13 жыл құлдықта болған ана мен бала құтқарылды, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі Оtyrar.kz-ke сілтеме жасап.
Любовь Болдырева мен оның ұлы Никита Шардарадағы мал қора мен саунада еркінен тыс жұмыс істеген. 13 жыл құлдықта әйел туған ағасымен бірге 2011 жылы Шардарадағы саунаға жұмыс істеуге барып, қайта шыға алмай қалған. Саунаның лас шаруасынан бөлек, қожайындардың мал қорасынан шықпадық деген әйел қара жұмысқа жегілгенін айтады.
Бұрын тұрған үйімізді өз атына аударып, кейін сатып жіберді. Туған ағам, екінші күйеуім мен ұлым төртеуіміз күндіз-түні қожайынның әулетінің құлы болдық. Жұмыс істейсіңдер деп алдап шақырғанымен 13 жылда соқыр тиын да ұстатқан жоқ. Бірнеше мәрте қашып көрдім. Бірақ қайдан болсын тауып, ұрып қайтадан жұмысқа жегетін. Ағам бір мәрте полицияға да барған еді. Бірақ Шардарада біздің қожайынға қарсы келер жан жоқ, - дейді ол.
Оtyrar.kz-тің мәліметінше, «әйелдің қожайын деп отырғаны - Шардараның ішкі істер бөлімінде лауазымды қызметтер атқарған офицер». Ал 3 жасында құлдыққа түскен Никита да түнде құм тасып, күндіз мал қора тазалаған.
Қазір күдікті мен оның үш серігіне қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Жедел уәкілдер притон ұйымдастырған күдіктінің үйін тінту кезінде әйел құлдықта болғанын айтты. Қазір қылмыстық іс бойынша әйелдің уәждерін полиция тексеріп жатыр. Ол дағдарыс орталығына орналастырылды, - деді Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы Гүлнар Абдужаппарова.
Күдікті деп танылған ер адамға қатысты жер қойнауын заңсыз өндіру бойынша тергеу амалы жүргізіліп жатыр.