BANNER

Ұйықтап қалған полицейлер қылмыскерлердің қашып кетуіне себеп болды

Фото: pexels.com

Ақтөбе қаласында қызметіне немқұрайлылық танытты деп айыпталған үш полицейге үкім шықты,-деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі Orda.kz сілтеме жасап.

Іс материалдарынан белгілі болғандай, тәртіп сақшылары поста ұйықтап қалған.

Бұл туралы Ақтөбе сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Сот өткен жылдың 11 қарашасында жергілікті полиция қызметінің уақытша ұстау изоляторын күзетуді үш полицей өз қолдарына алғанын анықтады. 

«Қараңғы түскенде үшеуі де ұйықтап қалған. Мұны байқаған қамаудағы екі жігіт камераның есігін ашып, қашып үлгерген. Полиция мен Ұлттық ұлан қызметкерлерінің бірлескен іс-әрекетінің арқасында олар таңертең ғана қолға түсті» делінген сот хабарламасында.

Сотта екі полиция қызметкері ғана кінәсін толық мойындап, өкінді.

Жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар ескеріліп, үшеуі де 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Сондай-ақ, сот Ақтөбе облыстық полиция департаменті алдағы уақытта осындай фактілердің қайталанбауы үшін қажетті шараларды қабылдау туралы жеке ұйғарым шығарды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.