BANNER

Жұмыспен қамтудан кәсіпкерлікке дейін: Бұқар жырау ауданында тұрғындарды жұмыспен қамтудың тиімді үлгісі қалыптасуда

Gov.kz

Бұқар жырау ауданында ауыл тұрғындарына жұмыс табуға және кәсіби қалыптасуға бағытталған жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері Мансап орталығының қолдауымен 1200-ден астам адам жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысып, шамамен 500-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Еңбекке тартылғандардың елеулі бөлігін жастар құрайды. Қалғандары бәсекеге қабілетті мамандықтарды меңгеру мақсатында қайта оқуға жіберілген.

Қазіргі таңда ауданда аспаз, тракторист, дәнекерлеуші, тігінші сынды жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары. Осы ретте, ниет білдірген азаматтарға тегін қысқамерзімді курстар ұйымдастырылып, білім алған соң бірден еңбекке араласуына жағдай жасалуда.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығысы келетіндер үшін «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы онлайн оқыту мен қайтарымсыз гранттар қарастырылған. Кәсіпкерлік бастамаларын қолдаудың осы тетігі аясында алғашқы нәтижелер бар – бірнеше ауыл тұрғыны грант ұтып алып, жеке кәсібін бастап кетті. Бағдарлама аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға да ерекше назар бөлінеді.

Жыл басынан бері орталыққа жүгінген 61 адамның ішінде 10 адам тұрақты жұмысқа орналасқан, тағы 24-і жұмыспен қамту бағдарламаларына тартылған.

Сонымен қатар ауданда субсидияланатын жұмыс орындары бойынша да ауқымды жұмыс жүргізілуде.

— Алғашында 433 адамды еңбекке орналастыру жоспарланған еді. Алайда бұл көрсеткіш асыра орындалып, 439 адам жұмыспен қамтылды. Бұл жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігінің артқанын және тұрғындардың еңбекке деген дайын екенін көрсетеді. Мұндай қолдау тетіктері ұзақ уақыт жұмыссыз жүрген немесе еңбек нарығына қайта оралғысы келетін азаматтар үшін нақты мүмкіндік, – дейді Бұқар жырау аудандық Мансап орталығы директорының міндетін атқарушы Төлеген Іргебаев.

Аудандағы экономикалық белсенділікті арттыру бағытында 2025 жылға арналған өңірлік даму картасы бекітілген. Құжат аясында 44 жобаны іске асырып, 416 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

— Бұл жобалардың орындалуы тұрақты бақылауда. Жыл соңына дейін жоспарланған міндеттерді толық орындауымыз қажет. Ол үшін жұмысты жандандырып, ведомствоаралық ықпалдастықты күшейту – басты талап, – деп атап өтті Төлеген Іргебаев.

Бұқар жырау ауданы әкімдігінің ақпараты бойынша