Қазақстан халықтарының бірлігі күні – Қазақстанда жыл сайын тойланатын мереке. Мереке 1996 жылдан бастап тойланады. 1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан президенті жарлығы бойынша 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні деп жарияланды. «Бірлік болмай тірлік болмас» деген ата- бабаларымыз. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. Сондықтан да Қазақстан халқы 1 мамыр ынтымақ пен бірлік күнін тойлайды. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мерекенің орны ерекше.
Жыл сайын атаулы мерекеге Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды. Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі, еліміздегі ұлтаралық татулық, ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін.