«Болашақ» стипендиясының шарттарына онлайн қол қоюға болады

Фото: unsplash.com


Елімізде «Болашақ» стипендиясының шарттарына онлайн қол қою мүмкіндігі іске қосылды. Енді бағдарлама стипендиаттары қол қою үшін Астанаға келіп, жүріп-тұруына шығындалмайды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі el.kz сілтеме жасап.


Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, «500 ғалым» бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамалардың барлық жеңімпаздары онлайн форматта оқуға келісімшарт жасасты. Бұған дейін келісімшарттар жасау процесі 90 күнге дейін созылатын. Стипендиаттар мен стипендиаттардың кепілгерлері Астана қаласындағы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ кеңсесіне өзі келуге міндетті болатын.

Шарттарға қол қою стипендиаттар мен кепілгерлердің электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдалана отырып, TrustContract сервисі арқылы жүзеге асырылады. Әрбір қол қоюшыға SMS хабарлама арқылы шарттың мәртебесі туралы хабарлама жіберіледі.

"Халықаралық бағдарламалар орталығы» ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыру мақсатында бизнес-процестерді оңтайландырып, бюрократиялық процедураларды азайтып, цифрлық форматқа көшуде. Жұмыс тобы ғылыми тағылымдамадан өтушілердің келісімшартқа отыру процесін жедел цифрландыру міндетін қойған болатын. «500 ғалым» бағдарламасының жеңімпазы болып төртінші лекте 481 ғалым атанды және олардың барлығы бірнеше кепілгерлермен бірге келісішарттар жасасу үшін өз аймақтарынан Астанаға келіп, жол жүруіне, тұруына және кезекке тұруына жеке қаражатын жұмсаушы еді. Енді бүкіл процесс бір-екі күнге созылып, ыңғайлылық пен шығынды үнемдеуге мүмкіндік береді" , – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Тағылымдама бағыты бойынша «Болашақ» стипендиясының иегерлері үшін де онлайн келісімшарттар жасау процесі қолжетімді.

Жақында магистратура және докторантура бағыттары бойынша «Болашақ» стипендиаттары үшін де келісімшарттарға цифрлық қол қою қолжетімді болады. Қазіргі уақытта кепіл мүлкін цифрлық тіркеу процесі  Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен пысықталуда.