BANNER

Ұлытау облысындағы бала құлдығы: Оқу-ағарту министрлігі оқушының сабаққа келмегеніне мектеп неге назар аудармағанын түсіндірді

Фото: unsplash.com

Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел кезінде Ұлытау облысында құлдыққа түскен балалардың сабаққа келмеуіне білім беру мекемесі неге назар аудармағанын түсіндірді.,- деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, асырап алынған балалар төрт ай бойы сабақтан кезектесіп қалып отырған.

"Бес жылдан бері қамқоршылық органдары жарты жылда бір рет бақылау жүргізіп отырғанын айта кету керек. Қамқоршылық органдары 2023 жылғы қыркүйектен бастап осындай белгілерді байқай бастаған. Себебі сол кезде әр бала бір аптадан сабақтан қалып отырған. Яғни, қыркүйекте бір бала мектепке бармаса, содан кейін колледжде оқитын екінші бала сабақтан қалған. Осы орайда денсаулық сақтау департаменті, атап айтқанда, емхана балалардың ауырып қалғаны туралы анықтама бергенін айта кету керек", – деп толықтырды Насымжан Оспанова.

Оспанова қорғаншылық және қамқоршылық органдары бұл отбасыны қаңтар айындағы тексеріс кезінде анықтағанын атап өтті. Сол кезде білім министрлігі барлық отбасыға баруды тапсырған еді.

"Қазір қылмыстық іс жүріп жатыр. Қамқоршылық органы, емхана, мектеп және колледж қызметкерлеріне қатысты жағдайдың бәрі зерттеледі. Асырап алған ата-ана да жауапкершіліктен қашып кете алмайды", - деді комитет басшысы.

Сонымен қатар ол балалардың құқығы бұзылғанына куә болғандар қайда жүгінуге болатынын айтты.

"Бүгін тыңдап отырғандардың тағы да есіне салғым келеді, егер осындай жағдайға куә болсаңыз 111 нөміріне қоңырау шалуды, бей-жай қарамауды сұраймыз. Көршілер, мұғалімдер, өтіп бара жатқан адамдар, туыстар, достар, қыздар, балаларға қатысты әр жағдай туралы хабарлау өте маңызды екенін ұмытпайық", - деп қорытындылады Насымжан Оспанова.

Еске салайық, бұған дейін бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Ұлытау өңірінде бес жыл құлдықта болған балалар туралы айтқан еді. Сөзінше, патронаттық отбасы 2018 жылы балалар үйінен бір отбасының үш баласын – 1 қыз және 2 ұлды асырап алған. Балалар 14, 12, 8 жаста болған. Кейін оларды қаладан 20 шақырым жердегі өз фермасында ұстап, мал бағуға мәжбүрлеген. Шаруашылығында екі табын жылқы мен 18 сиыр бар екен.