Атаулы күн аясында Қарағанды қаласындағы Абай Құнанбайұлының ескерткіші жанында мерекелік шара өтті. Шара барысында қоғам белсенділері, белсенді жастар, зиялы қауым, шығармашылық сала өкілдері және қала тұрғындарының қатысуымен ұлт перзентіне құрмет жасалып, дәстүрлі гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Жиында Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР ақпарат саласының үздігі Сүйіндік Жұмабайұлы көпшілікті Абай күнімен құттықтап, хәкімнің шығармашылығы әліде зерттеле түсу керектігін, ұлт ретінде қалыптасып, руханиятымызды дамыту жолында Абай шығармалары жастарға кеңінен дәріптелу керек екендігін айтты.
- Абайды дәріптеуіміз өте аз, өйткені басқа ақындарымыздың мысы басып кетіп жатыр. Кейбір ақындардың "Абайдан асып кеттім" дегені адамды көп қынжылтады. Біз әлі де Абайды түсіне алмай келеміз. Ақынның аудармасын, кей өлеңдерінің сөздерін орындаушылар мен әншілер әртүрлі айтып жүр. Сол себепті жазушылар, тиісті орындар Абайдың канондық шығармал жинағын шығарса мұндай қателіктер болмас еді. Абайды әліде зерттеу керек,- деді ардагер журналист Сүйіндік Жанысбай.
Сондай-ақ шара аясында жергілікті өнерпаздар көпшілікке Абай шығармашылығынан ән-жыр тарту етті.