Балқаш қаласында жоңғар шапқыншылығы кезінде ерлігімен ерекше көзге түскен қазақ халқының даңқты батыры, өзі шешен әрі би Жидебай Қожаназарұлының еңселі ескерткіші орнатылды. Жиынға жиналғандар алдымен баба басына барып тәу етті, Құран бағыштады. Салтанатты шараға Қарағанды облысы әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКОВ, ел ағалары, тарихшы ғалымдар, баба ұрпақтары қатысты.
Жиында Жидебай батырдың қазақ тарихында алар орны туралы деректер молынан баяндалды. Қазақ жерінің тұтастығын сақтауда асқан ерлігімен, табандылығымен танылған Жидебай Қожаназарұлы 1713-1813 жылдар аралығында өмір сүрген тұлға. Әлтеке Дос батырдың немересі, Жидебай Қожаназарұлы әруақты батыр, әрі би, әрі шешен Абылайханның беделді де, белді батыры болып арнайы жасағын басқарған қолбасшысы. Мың басы атанып, 34 жыл аттан түспей, елін сыртқы жаудан қорғаған. Аңырақай, Қаншеңгел, Ақсүйек, Баян, Нұра, Тарбағатай, Батыс Алтай, Шоңжы, Құлжа, Алатау жорықтарына қатысқан. Аңыздарға сүйенсек, Жидебай батырдың киесі екі түлкі болған екен. «Замана өтпес болсашы-ай, Жидекем, өлмес болсашы-ай» – деп Қаз дауысты Қазыбек би, батырдың ерлігі мен шешендігін ерекше бағалаған.
Белгілі жазушы Кәмел Жүністегінің дерегі бойынша, бала күнінен батыр ат құлағында ойнап, буыны қатпай жатып соғыстың сан түрлі тәсілін жақсы меңгерген. Жидебайаттың бір бауырынан келесі бауырына өту немесе шауып келе жатып қосар атқа қарғып міну және қуғыншыға қайырылып садақ тарту, найза лақтыру мен қылыш сілтеудің неше түрлі әдіс-тәсілімен майдан даласында көзге түскен. Әрі найзаны қарсыласының өндіршегіне тура қадайтын мергендігін бәрі анық біледі. Сондықтан да,шешуші соғыстың алғашқы жекпе-жегіне таңдау Жидебай батырға түсіп, жеңіс туын желбіреткен көрінеді. Көзінің тірісінде халыққа сіңірген еңбегі мен жеке басының қасиеттерін бағалап, ел оны абыз, әулие деп атаған.
Ескерткіш Шашубай шағын ауданындағы №23 үйдің солтүстік аумағында «Астана аллеясында» орналасқан. Мүсінде Жидебай батыр бес қаруын асынып, жорыққа әзір тұрғандығы бейнеленген. Ескерткіш авторы, белгілі мүсінші Нұржан Биомаровтың айтуынша, батырды тарихи бейнесін негізгі деректерге сүйене отырып, жасаған.
Батыр ескерткішінің көтерілуіне «Әлтеке Жидебай батыр» қоғамдық қорының төрағасы Саяхат Ыбышев, ұйымдастыру алқасының төрағасы Бақытжан Әрінов, тарихшы Қадыр Әшкеев, меценат Амангелді Минигулов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, Жидебай батырдың ұрпағы Рымбек Жүнісов, Заң ғылымдарының докторы, меценатБақтыбай Жүнісов, Қазақ-Корей достық қоғамдық қорының Президенті Игнатий Тё, «Балқаш Жібек жолы» құрылыс фирмасының құрылтайшысы, меценат Серік Қасымбеков, «ПСК Грант» ЖШС құрылтайшылары Арман Қалиев, Марат Битүсіпов, Руслан Битүсіпов және баба ұрпақтары демеушілік етіп, игі іске себепші болған. Батырға орнатылған ескерткіштің жалпы биіктігі –10 метр. Ескерткіш қоладан құйылып, тұғырдың сырты мәрмәрмен қапталған. Салмағы –4 тонна. Жидебай батырға салынған ескерткішке техникаларды есептемегенде, 108 миллион теңге қаржы жұмсалған. Төңірегіне жарықтандыру жұмыстары жүргізілген аумақта қала тұрғындарына арналған қосымша алаңдар да орнатылып, ағаш егілген.
Ескерткіштің ашылу салтанатында облыс әкімі Жеңіс Қасымбеков атқарылған игі істің маңызы жайлы айтты.
–Бүгін Балқаш қаласының төрінде қазақтың мақтанышына айналған айбынды батырларымыздың бірі Жидебай Қожаназарұлының ескерткішінің ашылыуы бұл батырдың ұрпақтарының батырға жасаған құрметі болып табылады. Тарихтан белгілі Жидебай батыр Абылайханның адал серігі болған. Ол мыңдаған жауынгерлерді ығыстырып, жоңғарлармен шайқаста үлкен ерлік көрсеткен атақты батыр. Аңырақай, Қаншеңгел, Ақсүйек, Баян, Нұра, Тарбағатай, Батыс Алтай, Шоңжы, Құлжа, Алатауды азат ету кезінде Қарқаралы, Балқаш аумақтарында асқан ерлікпен тапқырлық танытқан батыр. Сонымен қатар, халық арасында шешендігімен танымал болған. Жидебай батырдың еңселі ескерткіші құтты болсын, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбеков.
Салтанатты жиында ғалым, филология ғылымдарының докторы, професссор Мұхаметқали Әбдуов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, Жидебай батырдың ұрпағы Рымбек Жүнісов, «Әлтеке Жидебай батыр» қоғамдық қорының төрағасы Саяхат Ыбышев сөз алды.
Сондай-ақ, Жидебай батырға арналған Нұрдос Кәрімнің сөзіне жазылған, белгілі сазгер Қуанды Сәденовтің әні «Баһдүр бабам, Жидекеңді» Кенен Әзірбаев атындағы, Әміре Қашаубаев атындағы республикалық ән байқауларының «Шабыт» халықаралық фестивалінің жүлдегері, Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық ән байқауының Гран-при иегері Дәуренбек Әркенов нәшіне келтіре шырқады. Жиналғандар шашуын шашып, батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Дәл осы күні батыр ұрпақтарының бастамасымен бірқатар ауқымды іс-шаралар кең өріс тапты. Мағауия Хамзин атындағы мәдениет сарайында Ақтоғай ауданынының «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблінің мерекелік концерті өтті. Сонымен қатар, «Қаракөз» дәмханасында Жидебай батырға арналған ас беріліп, құран бағышталды.
Халық арасында кеңінен тарап кеткен: «Сарыарқадай жер қайда, Жидебайдай ер қайда?!» деген сөздің де бүгінге дейін жетіп отырғаны батырдың шын мәнінде ел басына күн туған зұлмат заманда ұлан-ғайыр атырабты ұрпаққа мирасқа қалдыруды мұрат тұтқан баһадүр екендігін паш етеді. Жидебай батырдың тағы бір ерекшелігі оның шешендігі. Елін, жұртын құлақ қойып тыңдамаса болмайтындай мағыналы да мәнді сөзімен дау-жанжалдан қорғай білген. «Жидекең былай депті», «Жидекең айтыпты» деген сөздер қазір де ел арасында жиі айтылып келеді.
Нұрдос КӘРІМ
«Орталық Қазақстан» газеті
БАЛҚАШ қаласы.