Қарқаралыда 27 шағын орталықтың педагогтары "КөрпеFest" фестивалін өткізді. 60-қа жуық тәрбиешілер мен әдіскерлер алты шағын ауыл құрып, келушілерге құрақ көрпе тігудің қыр-сырын көрсетті. Сондай-ақ ұлттық тағамдар дайындалып, концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.
«Көрпе тігу өнері бізге ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді. Біздің үлкен әжелеріміз де жақсы білді. Жыл сайын біз тек техниканы жетілдірудеміз. "Құрақ" сөзінің өзі қазақ халқы үшін ерекше мағынаға ие. Бірлікті, ұйымшылдықты білдіреді. Біз бұрынғы дәстүрлерді жандандыру, қолөнерді насихаттау үшін осы "КөрпеFest" шарасын өткіздік»,дейді Қарқаралы ауданының білім бөлімінің әдіскері Жанар Қасымжанов.
Қатысушылар фестивальде көрпелердің оннан астам түрін ұсынды. Әр тігілген көрпені ерекше таныстырып, олардың пайда болу тарихы мен алғашқы тігін машиналары туралы әңгімеледі.
Шара соңында аудандық білім бөлімі "КөрпеFest" қатысушыларына алғыс хаттар табыс етті.
«Мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлері қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлады. Біз осындай фестивальдерді алдағы жылдары да ауқымды түрде өткізуді жоспарлап отырмыз, – деп толықтырды Жанар Қасымжанова қосты.
Айта кетейік, Қарқаралыда өткен "КөрпеFest" фестивалі биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр.