Серік Ақсұңқарұлы. Өз ұлтын сүю керек мемлекет...!

ашық дереккөз

ҰЛТТЫҚ  МЕМЛЕКЕТ

 

Махаббат нұрын төгіп жеріне көк,

 

Ер ұлы масаттанса еліне кеп;

 

Тәңірінің бір ғажабы бұ жалғанда,

 

Меніңше, Ұлттық Ұлы Мемлекет!

 

 

 

Бір үзім наны көзге мұң болмаған,

 

Бір ауыз суық сөзге тұлданбаған;

 

Бір қызы күң болмаған көрінгенге,

 

Ұлы да кеудесі асқақ,

 

Құл болмаған!

 

 

 

Дүниеде не жетер өз жеріме деп,

 

Өз суым, өз жұртым, өз еліме деп?!

 

Сүйгендей өз анасын, өз баласын,

 

Өз ұлтын сүю керек мемлекет!

 

 

 

Құдайдың көрмесек те бетіне кеп,

 

Панасыз неткен шерлі жетім ел ек?

 

Тәңірі, алқа, аруақ, өзің жебе,

 

Бір құздың тұрмыз неге шетіне кеп?!.

 

 

 

***

 

Менде арман көп енді…

 

Сонда менің жаным нұрға бөленді.

 

Жазғым келед жас күнгідей, мөп-мөлдір,–

 

Ит тартыссыз, ителлектуалсыз өлеңді!

 

 

 

Өсіп, өне бергенінде өндір боп,

 

Күл ғып оны дегеніне көндірді өрт.

 

Балалыққа келед қайта қайтқысы,

 

Қалғысы да келед сонда мөлдір боп!

 

 

 

Қайда шіркін он үштегі бала ақын,

 

Отқа түсіп күйік шалған қанатын?

 

Қайраты да түгесілген, айбыны,

 

Арыстандай Айға қарай шабатын?!

 

 

 

Періште еді туғаннан,

 

Кейін келе пәле болған, қуланған.

 

Жүрегі оның тілім-тілім жара боп,

 

Миы да оның уланған Һәм

 

Су болған…

 

 

 

Қазір, мүлде, бөтен кісі ол енді.

 

Атақпенен даңққа да бөленді.

 

…Бұрынғыдай болмаған соң періште,

 

Меніңше оған жазбау керек өлеңді?

 

 

 

***

 

О, Тәңірі, кешір бізді,

 

Жыйғызсаңшы есімізді;

 

Бір төбеге келіп тоқтап,

 

Неге иірдің көшімізді?!

 

 

 

Кімді саған  серік қылдым,

 

Неге осынша желіктірдің?!

 

Жүрек – қазақ,

 

Басым – басқа,

 

Қай  кезеңге келіп тұрмын?!.

 

 

 

АВТОБИОГРАФИЯЛЫҚ ӨЛЕҢ

 

Бір күн озып бір күннен,

 

Менің ғұмырбаянымды бүлдірген.

 

Неше жасқа келдім осы сорлап бір,

 

Соны білмей жүрмін мен?

 

 

 

Шықпайтұғын сырымды айтсам тісімнен,

 

Тек сұлулар мені жақсы түсінген.

 

Менің жасым отызда, не, қырықта,

 

Оны дағы өзім білем ішімнен.

 

 

 

Пері де – мен, сері – мен,

 

Хикаям көп, айтуға тек ерінем.

 

Алпысымда бомба қойды бір сұм кеп,

 

Театрда, өлең оқи беріп ем…

 

 

 

Жас күнімнен жақсы көргем сауықты.

 

Ал, тойла деп сонда біреу  жауықты!

 

Жетпісімде ковид келді Қытайдан,

 

Меніңше, бұл бомбадан да қауіпті…

 

 

 

Енді мені сексенге бір іліктір,

 

Жарқырайын көктің бұлтын түріп бір!

 

Не болады одан кейін тоқсанда,

 

Оны ішінен Құдай ғана біліп тұр.

 

 

 

Асау Пегес–тақымда,

 

Шабыт шалқып, толысады ақыл да.

 

…Алашта әлі аңыз көшіп жүреді,

 

100-ге бір-ақ келген ақын хақында.

 

 

 

***

 

Ұлы ақындар кетті мәңгі көз іліп,

 

Елден – рух, бізден – Муза безініп.

 

Дәлдүріш те ішпейді сол уыңды,

 

Енді Есенин бола алмасын сезініп.

 

 

 

Шайқап өте шықты-ау, со бір ұлы ағыс,

 

Құлап іш ал, сұрап ішіп, құрақ ұш.

 

Хош бол, ұлы ақындардың заманы,

 

Қызығы мен қызуы 40 градус!

 

 

 

Бұл заманның көптеу шығар қызығы,

 

Қызығынан–шыжығы;

 

Келдік біздер ХХІ-ші ғасырға,

 

40  градус болып дене қызуы.

 

 

 

Сары аязда– сақылдап,

 

От боп жандық, өрт боп жандық лапылдап!

 

40 градус қызуменен ажалдың,

 

Көзіне де тік қарадық–

 

Жақындап!

 

 

 

Көптеу шығар қызығы,

 

Қызығынан, мейлі, тіпті, шыжығы;

 

Салыстырсаң, айхой, біздің ғасырмен,

 

Бұ заманның, мүлде, төмен қызуы.

 

 

 

Ұлы ақындар кетті мәңгі көз іліп,

 

Елден – рух, бізден – Муза безініп.

 

Есіл ерге біздей өлу азап қой,

 

Енді Есенин тумайтынын сезініп…

 

 

 

«МҰҚАҒАЛИ» ФИЛЬМІ

 

(рецензия)

 

Жаратқан Тәңірі Сізді шерлі етуге,

 

Алашын анасындай тербетуге.

 

Аспанда Құдай – жалғыз, сонан кейін,

 

Сен жалғыз едің мына Жер бетінде.

 

 

 

Иілмей иісалмасқа сызыла тым,

 

Атандың бунтар ақын, бұзық ақын.

 

Несіне Димекеңе* хат жазғансыз,

 

Қазақта патша жоқ қой Сізді ұғатын!

 

 

 

Туған соң Тұранды іздеп, торығуға,

 

Бекзаттық, ақсүйектік порымыңда,–

 

Патшасы қазағыңның өзің ең ғой,

 

Қап қойған Әлиханның орынында!

 

 

 

Жұлдыздай қасыңа кеп ағып көктен,

 

Сенің қас-қабағыңды бағып кеткен,–

 

Еркін** жүр…

 

Мұндай дос жоқ, бетімізге,

 

Көбісі қара бояу жағып кеткен…

 

 

 

Ақсораң – тауда өстім мен, таста өстім көп,

 

Айтпайын дүниядан баз кештім деп.

 

Қасыңда Фаризаң*** жүр періштеңдей,

 

Ал, менде Ғалиядан басқа ешкім жоқ…

 

 

 

Бір мұң бар дүнияның келбетінде,

 

Сол бізді күнде әлдилеп, тербетуде.

 

Аспанда Құдай – жалғыз Сізді ұғатын,

 

Мен жалғыз Сізден кейін – Жер бетінде.

 

 

 

*Д. Қонаев,– ЦК-ның бірінші хатшысы.

 

**Еркін Ібітанов, ақынның ахыреттік жан досы.

 

***Ф. Оңғарсынова.

 

27.10.2021 ж.