BANNER

"Той жасауды әбестік көрдік": Айгүл Иманбаева ұлының тойы неге болмағанын айтты

Фото: Instagram/aigul_imanbayeva

Отандық танымал әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева ұлы Асылжан Әбдімүтәліге не себепті үйлену тойын дүркіретіп жасамағанын ашып айтты. Өнер иесінің сөзінше, баласы атасының қазасынан кейін үйленуге ниет білдірген, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі Nur.kz-ке сілтеме жасап.

Айгүл Иманбаева отбасы туралы жан сырын "Сырласу" бағдарламасынада ақтарған. Эстрада жұлдызы көпшілік көкейінде жүрген сұраққа жауап беріп, жалғыз ұлына неге той жасамағанын түсіндірді.

Әнші әкесі қайтыс болған соң, қазалы күйде той жасағысы келмегенін айтты.

"Әкемнің жерлеуіне үлгермегесін, жетілігін өткізгеннен кейін, ұлым үйленгісі келетінін айтты. Оның алдында да айтып жүрген. Жалпы, баламмен ашық сөйлесіп, не нәрсе болса да талқылаймыз. Әкемнің қазасынан кейін ашық айтты. "Мен оны шын сүйемін, оның құшағында оянғым келеді" деді. Тура осылай айтты. Содан келісім бердім. Екі күннен кейін қыз жақтың анасымен таныстым. Бірақ қазақтың салтында бар дүниеден аттап кетпедік.

Бүкіл жұртты шулатып, той жасауды әбестік көрдік. Қазалы күйде той жасағымыз да келмеді. Сәбит-Динарамен де ақылдастық. Ауылдан өзінің ата-әжесін алдырдық. Бас-аяғы бір аптаның ішінде екі жақтың ет жақындарын жинап, құдалық пен екі күнде беташарын өткіздік. Елге белгілі мәдениет саласының үздігі Алмахан Мұхаметқалиқызы құдағиым болып шықты. Сол кісіні көргеннен кейін, келінімнің қандай жерден шыққанына титтей де күмән болмады. Батамды бердім", - деді Иманбаева.