BANNER

Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған Президент мәлімдемесінен қысқаша тезис

Aqorda.kz

Кеше мен бұрынғы Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа алғысымды білдірдім. Бірақ қазір жайбарақат отыруға болмайды, себебі алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Сондықтан Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет.

 Макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар халықтың нақты табысы да қарқынды түрде артуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы даму қажет.

 Қазір жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Бұл құжат инвесторларға қолайлы жағдай жасау мен бюджетке қажетті көлемде қаржы түсірудің арасында көкейге қонымды теңгерім болуын қамтамасыз етуі керек. Алайда, бизнес қауымдастығында бұл құжат, ең алдымен, салық мөлшерлемесін өсіруді көздейді деген пікір қалыптасып отыр.

 Бұрынғы Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің орнына салықты көтеріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деген уәжді алға тартатын. Жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына Мемлекет басшысы ретінде менің көңілім толмайды.

 Табыс пен мүлікке салық салудың жаңа жүйесін енгізбесек, кәсіпкерлерді табысын қалтаға баспай, бизнесін дамыту үшін жұмсауға ынталандырмасақ, арнайы салық режимдерін өзгертпесек, бұл міндетті орындай алмаймыз. Сондықтан Салық кодексі секілді стратегиялық маңызы бар құжатты әзірлеуге осы сала мамандарынан бөлек экономистер мен бизнес өкілдері жұмылдырылуы қажет. Әрине, бюджет қоржынын толтыру міндетін ұмытуға болмайды. Экономика неғұрлым қуатты болса, соғұрлым көп салық түседі деген қағидатты берік ұстану керек.

 Салықты жайдан жай көбейте салуға болмайды. Ең алдымен, салық салу жүйесін реттеп, оны жетілдіру қажет. Үкімет салық жеңілдіктерін берудің ашық әрі нақты ережелерін әзірлеуге тиіс. Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша жеңілдік берудің салдарынан жыл сайын бюджетке орташа есеппен 7 триллионға жуық теңге кем түседі. Мен салық жеңілдіктерін 20 пайызға азайту туралы тапсырма бердім. Бірақ, әлі күнге дейін орындалған жоқ, тіпті, мәселені шешу жолдары да әзір емес.

 Микро және шағын кәсіпкерлік үшін еңбекақы төлеу қорынан бір реттік төлем жасауды енгізу ісі де аяқсыз қалды. Бұл норманың енгізілгеніне бір жылдан асты. Уәкілетті органдар жұмыстың табысты атқарылғаны туралы есеп берді. Ал бизнес өкілдері бұрынғысынша салық пен жарнаны бюджеттік емес қорларға жеке-жеке төлеуді жалғастырып жатыр.

 Бір жағынан, орта бизнеске нақты қолдау көрсету мәселесіне айрықша мән беру керек. Мысалы, көп жағдайда бизнесті қолдан ұсақтап жатады. Кәсіпкерлерді тиісті санатқа бөлу әдістемесі дұрыс жолға қойылмаған.

 Бизнеске әкімшілік қысым көрсетуді азайту керек, соның ішінде реттеу қағидатын қолдану арқылы ықпал етуді доғарған жөн. Тоқетерін айтсақ, осы салаға сапалы өзгеріс жасау керек.

 Салық жүйесін толық цифрландыру қажет. Бұл сала цифрлық тәсілдерді, әсіресе жасанды интеллектіні қолдану жағынан ең алдыңғы шепте болуға тиіс. Қысқасы, атқаратын жұмыс – ауқымды.

Тағы бір өзекті мәселе – сыбайлас жемқорлық. Бұл – құрылыс саласын ғана емес, жалпы экономиканы дамытуға тосқауыл болатын фактор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаппай күресу қажет.

 Ақшаға цифрлық теңге арқылы ен салу және оны қадағалау, басқаша айтқанда, «ақшаны бояу» бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын өте маңызды тетік болуы мүмкін.

 Бүгінде цифрлық валютаны қолдануға қатысты пилоттық жобалар тиімді жүзеге асырылып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп, осындай жобалардың ауқымын кеңейтуді, оның ішінде құрылыс саласына барынша енгізуді тапсырамын.