BANNER

Аудан халқы таңдауын жасады

ortaliq.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған саяси реформалардың жалғасы ретінде Ақтоғай ауданында екінші рет әкім сайлауы өтті. Қарағанды облысы бойынша Ақтоғай ауданы тұрғындары әкімін өздері таңдады. Ақтоғай ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанболат Райымбековтің мәлімдеуінше, Ақтоғай ауданында 4698 адам дауыс берген. Қарсыластарынан басым түскен Абылай Аманжолов ауданның жаңа басшысы болып сайланды.

 

– Еліміз үшін маңызды саяси шараның уақытында үш кандидат өздерінің үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Барлығына бірдей басымдық берілді. Сайлау комиссияларына да арыз-шағым түскен жоқ. Сондықтан, халық бұл жолы да өз таңдауын жасады деген сеніммен айта аламыз. Ақтоғай ауданында әкім сайлауына байланысты 38 сайлау учаскесі талапқа сай жұмыс істеді. Сайлау учаскелерінде заң бұзушылық тіркелген жоқ. Аудан бойынша сайлау учаскелеріне барлығы 10 213 адам тіркелген. Қазіргі шығарылған қорытынды есепке сүйенсек, дауыс берген 4698 сайлаушы, оның ішінде, есептен шығару куәліктері бойынша – 12, дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс – 261. Нәтижесінде Ақтоғай ауданында Абылай Аманжолов жеңіске жетті. Ол үшін сайлауға келген 2997 сайлаушы дауыс берген. Оның бәсекелестері Қайрат Нөкеш пен Орал Стыбаев тиісінше 1424 және 59 дауыс жинады. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны – 60. Сайлау қорытындыларымен Ақтоғай ауданының әкімі болып Абылай Базылұлы Аманжолов сайланды. Ол бұған дейін аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған, – деді Жанболат Райымбеков. Ақтоғай ауданының аумақтық сайлау комиссиясы өкілдігінің мәлімдеуінше, аудан әкімдерін тікелей сайлау – жалпы өзін-өзі басқару жүйесінің ма­ңызды бөлігінің бірі. Сондықтан, аудан әкімін тікелей сайлаудың нәтижесі өте маңызды. Бұл бір жағынан сайланатын әкімнің жауапкершілігіне байла­нысты. Екінші жағынан халықпен қа­рым-қатынастағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының шын мәнінде, жүзеге асуына толықтай өз үлесін қосады. Егер сайланған әкімді халық жарамсыз деп санаса, онда оған мәс­лихат арқылы сенімсіздік біл­діреді. Мәс­лихаттың құрамы да бұ­рынғыдай партия тізімімен емес, ауыл, аудан, қала дең­гейінде толықтай мажоритарлық сайлау жүйесі арқылы жүзеге асады. Бұл – жергілікті белсенділерге, туған жерінің дамуына үлесімді қосамын деген азаматтарға жол ашады. Бұл – тікелей сайлаудың артықшылықтары. Әкім мен халық арасындағы байланыстың нығаюына, жауапкершіліктің артуына және жұмыстың тиімділігіне тікелей әсер етеді.

Нұрдос КӘРІМ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Ақтоғай ауданы